
Ақыл-ой жер бетіндегі тіршілік иелерінің ең ардақтысы – адамға ғана берілген. Сол көркем мінез-құлықтың, кемел ой-сананың нұры мен шуағы кітап атты ғажайып дүниеде жасырынып жатыр емес пе? Адамзат баласына арналған ең керемет өсиеттердің барлығы көктен кітап болып түскеніне қарағанда қасиетті қағазда бір өнеге бар екені даусыз. Ұлт зиялыларының “Кітап маған тақтан да қымбат”, “Наданмен қас болғанша, Кітаппен дос бол”, “Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен бірдей” деген сияқты ғибратты сөздері кітаптың адамзат ақыл-ойының кені екенін айғақтай түседі.
Ақпараттық технология қарыштап дамыған қазіргі уақытта кітап оқуға деген қызығушылық бәсеңдеп барады. Бұл – біздің ғана емес, әлем елдерін алаңдатып отырған күрделі мәселе. Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен “Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті” атты III халықаралық оқу конгресінің діттеген мақсаты осы олқылықтың орнын толтыру болды. Іс-шараға әлемнің 26 мемлекетінен келген – Януш Вишневский, Георгий Пряхин, Магди Халим, Асқар Айтматов, Юсуф Юсуфи сияқты белгілі жазушылар мен республикамыздың әр түкпірінен жиналған Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Тұрсын Жұртбай, Сәуле Досжанова, Оңайгүл Тұржан сынды қаламгерлер, кітапханашылар екі күн бойы осы тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісіп, кітап оқудың заманауи үлгілерімен, артықшылықтарымен таныстырды.
Конгресс аясында пленарлық отырыс пен секциялық жұмыстар, дәрістер, тақырыптық талқылаулар, тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Ауқымды шараның ресми ашылуы Тәуелсіздік сарайында өтіп, оны Ұлттық академиялық кітапхананың директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет жүргізіп отырды.
“Бүгінгі шараның мақсаты – кітапхананы халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында заманауи үлгіде қызмет ететін маңызды қоғамдық орын ретінде таныстыру. Оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірибесі, тұлғаның рухани дамуындағы кітап оқу мәдениетінің рөлі талқыланып отырған жиында әрбіріміздің үйренер нәрсеміз мол”, – деді Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш.
Содан кейін сөз алған қаламгерлер әлемдегі оқу мәдениетінің бет алысы, кітаптың жеке тұлға болып қалыптасудағы маңызы, әлем әдебиетіндегі жаңа үрдістердің ерекшеліктері мен себептері, қоғамдық-рухани құндылықтардың адам тіршілігіндегі орны, зиялы қауым өкілдерінің қоғам дамуындағы, жастар тәрбиесіндегі рөлі жайлы ойларын ортаға салды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков кітап оқымайтын ұрпақтың өсіп келе жатқанына қынжылыс білдіріп, жиналғандарды өзінің жеке кітапханасымен, ондағы құнды мұралармен таныстырып өтті. “Кітап оқу азайып бара жатыр, бұл – үлкен трагедия. Осы трагедияға ем табайық, шешім табайық деп осында жиналып отырмыз. Кітапты насихаттау тек қазақ халқының ғана емес, әлемнің проблемасы. Астана 20 жылда бейбітшіліктің, бірліктің, ғылым мен білімнің насихатшысына айналды. Осы жиын – соның айғағы. Қоғамның кітапқа деген қызығушылығын оятуға іскер азаматтар да атсалысу керек. Бір данышпан адамзатты екі санатқа бөліпті. Жас болсын, кәрі болсын. Ер ме, мейлі әйел ме, айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп қарастырған. Сонда қарап отырсақ, кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Егер біздің әлемде кітап оқитын адамдар көбейсе, әлем бақытты болады. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді. Бұл жиын адамзаттың бақыты жолына сіңірген Қазақстанның бір еңбегі, – деді Түркиядан келген ғалым Әбдіуақап Қара.
Қазақ баласы білім мен ғылымға ден қойып, мәдениет, өркениет жолына түскелі ең асыл дүниесін кітапқа басып қалдырған. Халқының надандығымен, жалқаулығымен өмір бойы күресіп өткен данышпан Абай атамыздың “Артық білім – кітапта” деуінің өзі көп жайтты аңғартады. Ұлтымызды үштаққа шығаратын аяулы дүниенің бағасын бүгінде біздер толық біліп жүрген жоқпыз. Шыны керек, өткен ғасырдың сексенінші жылдары әр отбасында газет-журналдардың, құнды кітаптардың қатталып тұрғанын ойлаған сайын көңіл қобалжиды. Өйткені, қазіргі уақытта сол құнды қазынаны бағалай алмайтын, мақал емес материалдық байлық қуған буын өсіп келеді. Жиырмасыншы ғасыр басындағы ардақтыларымыз ақындық, жазушылық жолынан өзге қазақ педагогикасын, психологиясын, тарихын, әдебиетін, ғылымын кітап етіп жазуға жанталасқаны бар. Олардың ойлағаны бүгінгі ұрпақтың қамы болды емес пе? Кітап оқымай, ғаламтор аңдып, телеарналардағы мағынасыз телесериалдарды бағып кеткендігіміз жас ұрпақтың ойлау, қабылдау жүйесінің де өзгеріп бара жатқанын көрсетеді. Осылайша сөз сабақтаған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досанов әңгімесін: “Не десек те адамзат қаламға тәуелді. Кітаптан алыстау – рухани тоқырау”, – деп түйіндеді.
Маркетингтік зерттеулердің халықаралық институтының биылғы мәліметі бойынша Қытай ең көп оқитын мемлекет екен. Аптасына бір кітап болса да оқитындарды есепке алғанда Қытайдың – 70, Ресейдің – 59, Испанияның 57 пайызы оқырман саналады. Ал күнделікті кітап оқитын оқырмандарды есептегенде де Қытай алғашқы орында (36 пайыз), Ресей мен Испанияға Британия қосылады (32 пайыздан).
Парасатты ұлт болудың бір жолы – оқу, оқығанды көңілге тоқу екені талассыз шындық. Осы орайда, көркем әдебиетті оқудың артықшылықтары көп екені, айтпасақ та түсінікті. Оның көксегені адамды кемелділікке жеткізу. Кемел сөзінің мағынасы кең. Кемел адам жақсылық жасауға құштар, жамандыққа жуымайды, сұлулықты көреді, өмірдің кез келген құбылысын сүйіспеншілікпен қабылдайды, адалдықты, әділетті аттамайды, жалған сөйлемейді, өзгелерді құрметтейді. Айта берсек, адамның бойындағы жағымды қасиеттердің барлығы осы сөздің мағынасына саяды. Жиын барысында мінбеге шығып, сөз алған отандық және шетелдік жазушылар, кітапханашылар жастардың бойынан осындай қасиеттерді жиі кездестіру үшін оларды кітап, газет-журнал оқуға дағдыландырудың абзал екенін айтты.
Конгреске келген Қытай жазушысы Хуан Чжонсян қазақ тілінде баяндама жасады. “Мен он сегіз жасымда жазушы Сәбит Мұқановтың “Ботагөз” романын оқыдым, қазақтың қисса-дастандарын қытай тіліне аудардым”, – деді ол. Қазақ пен қытай әдебиетін, оқырмандарын салыстырып сөйлеген жазушыны Қазақстандағы оқу мәдениетіне көңіл аударып отырған жағдай толқытты. Қытайда тұратын жазушының Қазақстанның үш кітапханасына еркін бас сұға алатын оқырман билеті бар. Кітап оқудың арқасында әлемнің бірнеше тілін меңгеріп, мәдениетімен жақын танысқан ол осы жетістіктерге тек оқумен қол жеткізгенін атап өтті. Хуан Чжонсян сөзінің аяғын: “Тақыр жерге самырсын ек, тақыр кедей болсаң, балаңа кітап оқыт”, – деп аяқтады. Жиынға арнайы шақыртылған шетелдік қонақтардың біразының қазақ тілін меңгергенін айта кеткен жөн.
Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеев кітап оқитын ұрпақты көбейту үшін, ең алдымен, оларды тәрбиелеп отырған ата-аналары мен ұстаздарына қолайлы мүмкіндік жасау қажеттігіне назар аударып, тестпен емес, көркем тілмен, қиялмен ойлай алатын мұғалімдер санын көбейтудің маңызын айтты. “Бәрі қажеттіліктен туындайды. Кітаптың мәртебесін көтеру үшін қажеттілік туғызсақ жетіп жатыр”, – деді жазушы.
Италиядан келген Эдуардо Канетта ана тілімізде тіл қатып, Леонардо да Винчидің “Атлантикалық кодексінің” түпнұсқадан көшірмесін Ұлттық академиялық кітапханаға сыйлады. Сондай-ақ, бұл жиында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған “дөңгелек үстел” мәжілісі өтті. Оған арнайы келген жазушының ұлы Асқар Айтматов конгрестің маңызына тоқталып: “Біз әдебиетті сүйетін, кітапты сүйетін ортада туып-өстік. Кітапсыз, әдебиетсіз өмірімізді елестете алмаймыз. Бүкіл әлемнің мәдениеті кітап негізінде қалыптасты. Бүкіл өркениеттің діңгегі кітап болды. Айтматов тек қырғыздың жазушысы емес, қазақ жазушысы да. Оның шығармаларында қазақ ауылының, Қазақстанның алатын орны ерекше. Осы сәтті пайдаланып Айтматовтар әулетінің атынан алғыс айтамын. Қазақ халқы әкемді әрқашан өз туысындай жақсы көріп, әрдайым еске алып жүреді”, – деді.
Конгрестің екінші күнінде Қазақстанның көрнекті жазушысы Әкім Таразидің 85 жылдығына арналған “Әдебиет шаһарының әкімі” атты кездесу өтті. Есімдері елімізге белгілі қаламгерлер жазушының шығармашылығы, өмірі, жастарға үлгі болар өнегесі туралы әдемі ой өрбітті. Шуақты жүздесуде бүкпесіз, жылы әңгімелер айтылды. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері арасындағы сыйластық, құрмет, дәстүрге беріктік олардың сөздерінен, іс-әрекеттерінен көрініп отырды.
Кітап оқырмандарын көбейту үшін біздің өңірімізде де көптеген игі шаралар қолданылуда. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Кешкі кітапхана” шарасы іске асырылып келеді. Яғни, кітапхана мамандары өз оқырмандарын әдеттегідей күндіз емес, жұмыстан қолдары босайтын кешкі уақытта қарсы алады. Облыс орталығындағы бірнеше жылы аялдамада кітап сөрелерінің қойылуы да оқырман тартудың бір жолы. Кітапқұмар қала тұрғыны өзінің оқыған кітабын сөреге қойып, басқасын алып кетіп оқуына болады. Оқырман билеті қажет емес, басты қағида өзара сенімге негізделген.
Бүгінде қолында гаджеті жоқ адамды кездестіру қиын. Сол жаңа технологияның жақсы қырларының бірі – кітап ретінде де қолдануға болатындығы. Әдетте өзімізбен бір, әрі кетсе екі кітап қана құшақтап жүре аламыз, ал қалтамыздағы телефонымызға жүздеген кітап сыйып кете береді. Демек, бір кітапхананы қалтаңа салып алып жүріп оқуға болады. Қазіргі таңда кітапханалардағы кітаптар электронды форматқа көшірілуде. Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде АҚШ-тың білім жүйесіне енгізілген әдіс қолданылады. Күн сайын белгілі бір уақытта мекеменің барлық қызметкерлері (басшылықтан бастап күзетшіге дейін) мен оқушылары кітап оқиды екен. Оқып қана қоймай, оқыған кітаптарының мазмұнын бір-бірлеріне айтып, ондағы оқиғалар шиеленісімен таныстырады. Осы арқылы олар күйбің тірліктің бітпейтін шаруасына алданған адамдардың бір сәт болсын көркем әдебиеттің арайлы аспанына серуендетеді. Қиялдарына қанат бітіреді, жаңаша ойлауға мүмкіндік тудырады. Жиын барысында маған өңірімізде осы сияқты атқарылып жатқан жұмыстарды айтуға мүмкіндік туды.
Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет ардың ісі” деген екен. Ендеше, ұрпағымыз арлы болсын десек, кітапқа ерекше ыждағаттылықпен ден қоюымыз керек.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавл – Астана – Петропавл.