“Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең” демекші, ақсақалды ата мен ақжаулықты әже – асыл қазына. Біз – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халықпыз. Даналықтың алтын діңгегі болып табылатын қарияларға құрмет пен қамқорлық көрсету – атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр.
Көргені көп, түйгені мол олардың өмір жолы жастарға өнеге емес пе? Еліміздің өсіп-өркендеуіне бір адамдай атсалысып, Қазақстанның бейбіт, тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан аға буын талай сынақты бастарынан өткерді. Саналы ғұмырларында тынымсыз еңбек етіп, мемлекетіміздің іргесін қаласқан алдыңғы буынға біз әрқашан құрметпен қарауға тиіспіз. Еселі еңбектің өтеуі ретінде көмекке мұқтаж қарияларға қолдау білдіріп, қолтығынан демеу – парыз. Жыл сайын қалыптасқан дәстүр бойынша 1 қазан – Халықаралық қарттар күнін атап өтеміз. Қарттарға қамқорлық аясында өтетін әлеуметтік маңызы зор шараларға жерлестеріміздің белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады.
Былтыр қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында ұйымдастырылған қайырымдылық сенбіліктеріне 149 мыңнан астам адам қатысты. Сенбілік барысында 80 миллион теңгеден астам қаржы жиналды. Оның тең жартысы еңбек ұжымдарында қалса, қалған қаржы қалалық, аудандық, облыстық ардагерлер кеңестері мен қайырымдылық қорларына аударылды. Бұл қаржы жергілікті жерлерде зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешуге жұмсалды.
Осы ретте айлық аясында 79486 адамға материалдық көмек көрсетілгенін айта кетейік. Ал жеті мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жанға 14821,1 мың теңге берілді. Өндірістік сала, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелерінде өткізілген қайырымдылық шараларын тізіп шығу мүмкін емес. Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында облыстық ардагерлер кеңесінің үндеуіне бірауыздан қолдау білдіргендерге ризашылығымыз шексіз. Осындай кеңпейіл, қайырымды жерлестеріміздің болғанына қуанамыз.
Қарттарды қолдау аясында өткізілетін шаралардың тәрбиелік маңызы зор. Айлық барысында оқушылар мен жастар көмекке зәру жалғызбасты зейнеткерлер мен жарымжан жандарға көмектесті. Үйлердің ауласын күл-қоқыстан тазартып, тәртіпке келтірді. Ал білім беру мекемелерінде аға ұрпақ өкілдерінің қатысуымен сынып сағаттары өткізілді.
Адамды мейірім мен ізгілікке ұйыстырған “Көмек қолын созайық” атты акцияға белсене қатысқан оқушылар мен ұстаздар еңбек ардагерлерін құттықтады. Жақсылық жасау үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Бақыт пен байлық ақшамен өлшенбейді. Олар қайырымдылық акцияларына қатысып, өмірдің мәнін ұғынып, адамгершілік асыл қасиет туралы білім көкжиегін кеңейтсе, соның өзі жеткілікті емес пе?
Қарттар күніне арналған шараларды өткізуге жергілікті әкімдік, мемлекеттік ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер әрқашан қолдау білдіреді. Біз олармен тығыз байланыстамыз. Сондықтан биылғы қайырымдылық айлығы да тиянақты дайындықты, жан-жақты қолдауды қажет етеді.
Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңдай терін төккен қариялар бүгінде еңбек демалысында, бейнеттерінің зейнетін көруде. Талай ауыр кезеңде иықтарына жүк түскен қарттарға қиындықты еңсеру оңай болған жоқ. Қайраты мұқалмаған, жігері жасымаған аға буын қандай құрметке болсын лайық. Сондықтан біз кеудесі – қазына, ақылы – дария жандарды аялауға тиіспіз.
“Қария – ақылы кең дария” дейді дана халқымыз. Аға ұрпақтың ерік-жігері мен ұлттық құндылықтарға деген адалдығы осы даналықтың айқын дәлелі іспетті. Сондықтан алдағы қарттарды қолдау айлығы аясында өтетін қайырымдылық акцияларына жерлестеріміздің белсене қатысатынына сенімдімін.
Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.