«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫ НЕЛІКТЕН ЖАБЫЛДЫ?

Петропавл қаласындағы 20-шы шағынауданда орналасқан №9 орта мектептің үш қазақ сыныбы мен олардың ата-аналары жаңа оқу жылы басталар-басталмаста күтпеген жағдайға тап болды. Оларға үйреншікті мектебінен өзге білім беру мекемелеріне ауысуға тура келді. Кейін белгілі болғандай, аралас мектептегі қазақ сыныптарын таратуды қалалық білім бөлімі ұсынған екен.

Қазақ мектептерінің саны аздық етіп тұрғанда, мұндай қадам жасауға не себеп болды? Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Сұрағанова бұл сұраққа жауап бере отырып, аралас мектептердегі проблемаларды атап көрсетті. “Аралас мектептердегі жағдай көпшілік ойлағандай оңай емес. Бұрын дәл осындай білім мекемесін басқардым. Мұндай мектептерде саны аз сыныптар көп нәрседен шет қалатынын жақсы білемін”, – деді ол.

Оның айтуынша, аралас мектепте алдымен екі оқу ісінің меңгерушісі болғаны абзал. Сонда оқу үдерісі дұрыс ұйымдастырылады.

– Әдетте аралас мектептерде қазақтілді мұғалімдер сырттан келіп жұмыс істейді. Сондықтан сабақтан тыс уақытта балалармен жұмыс жүргізе алмайды. Өйткені, үнемі негізгі қызмет орындарына асығып тұрады. Әрі олардың көбінің қосымша жұмыс орнындағы табысына көңілі көншімейтінін де білеміз. Оқушыларға қосымша білім беру қажет. Әйтпесе, балалар күндегі сабақпен шектеліп, жан-жақты жетілмейді. Қазіргі уақытта аралас мектептегі қазақ балаларына арналған ұлттық салт-дәстүрге дәріптейтін үйірмелер жоқтың қасы, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы.

Айнагүл Ағыбайқызы №23 аралас мектепті басқарған кезінде қазақ, орыс сыныптарына бірдей жағдай қалыптастыруға көп көңіл бөлгенін айтты. Алайда, қаншалықты тырысқанмен де, келеңсіздіктер орын алмай тұрмаған. Мәселен, ата-аналар балаларының екінші ауысымда оқығанына көңілдері толмай, шу шыққаны есінде.

Айта берсе, аралас мектепте мәселе аз емес. Және олардың дені №9 мектепке де қатысты. Білім бөлімінің басшысы бұл мектептегі қазақ сыныптарының таратылуына бала санының аздығы басты себеп болғанымен, мұндай шешім олардың болашағын ойлағандықтан қабылданғанын айтады. Расында, әркім лайықты білім алғаны дұрыс. Алайда, мектеп екі тілді болған соң әу бастан оқушылардың бәріне сәйкесінше білім мен тәрбие алуға тең жағдай жасалуы тиіс емес пе?

20-шы шағынаудандағы тұрғындар №9 мектептегі бастауыш сыныптарын мақтайды. Содан да бұл сыныптарда ылғи оқушы саны көп. Дегенмен, сынып жоғарылаған сайын бала саны керісінше азайып қалып отырған. Қазақша оқитын балалар әзер болса тоғызыншы сыныпқа дейін оқып, әрі қарай колледждерге түсіп кетеді. Мұғалімдердің айтуынша, бұған бір-ақ себеп болуы мүмкін – ол балалардың Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмаймыз деген өз-өздеріне сенімсіздігі. Оқушыларға жаны ашып, соңғы сыныпқа дейін жетелеп әкелетін тұрақты қазақтілді мұғалімдердің болмауынан да осындай жағдайдың орын алып келгені айқын.

Биыл мектептің 5, 6 және 7-ші сыныптарына келген қазақ балаларының саны 50-ге жетпеген. Қалалық білім бөлімінің басшысы ата-аналармен кездесіп, аз баланы оқытудың бюджетке де, мұғалім мен шәкірттің өзіне де тиімсіз екенін айтып, жағдайды түсіндірген. Оларға 19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясы мен №23 орта мектепке ауысу ұсынылыпты. Айтуынша, бұл ұсынысқа барлығы түсіністікпен қарап, келісімін берген екен. Айнагүл Сұрағанова басқа мекемеге ауысуға келіспеген ата-аналардың балаларын санына қарамай, бұрынғысынша өз мектебінде оқыта беруге міндетті екендерін де айтып, ескерткен.

Алайда, білім бөлімінің басшысы өткізген жиынға қатыспай, онда көтерілген мәселелерден шет қалғандар да бар екен. 20-шы шағынаудан тұрғыны Роза Кәкенқызы тиісті түсініктеме алмастан, немересін аяқасты басқа мектепке ауыстыруға мәжбүр болғандарын айтады. Сыныптарының таратылатыны туралы ол өткен жұма күні немересі Айсұлуды сабаққа апарған кезде ғана естіген. Сөйтіп, екі күндік демалыстан кейін Айсұлу өзге жеті сыныптасымен бірге басқа мектептен бір-ақ шыққан. Мұндай аяқасты өзгеріске бойы үйренбеген 5-сынып оқушысы алғашқы күні сабақтан жылап келген.

– Өзгесін білмеймін, өзімізге іргеміздегі мектеп жақсы болатын. Қайтейік енді? Күн суытқанша немеремізді жаңа мектепке жаяу апарып-әкеліп тұрмақпыз. Айтарлықтай жақын жер емес, оның үстіне сөмке де ауыр. Сол жағы бізге қиындау болып тұр, – дейді Роза Кәкенқызы.

Қазақ мектеп-гимназиясы №9 мектептің 15 оқушысын қабылдаған. Айсұлудың сыныптастарының біреуі №23 орта мектепке, келесісі М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицейге ауысып кетіпті. Айсұлу әйтеуір жаңа мектепте бұрынғы сыныптастарын күн сайын көріп тұратынына риза. Ал әжесі болса, бұрынғы мектептегі соңғы ата-аналар жиналысына шақырылмай қалғанына әлі күнге таңғалып отыр. Расында, ата-аналардың төрт көзін түгел жинап алмай, сыныптардың таратылатыны сияқты маңызды хабарды жариялауға бола ма? Неліктен мектеп басшылығы бұған мән бермеген? Жалпы мектеп директоры Сәуле Қабиқызына қазақ сыныптары мәселесіне қатысты қояр сұрақтарымыз көп еді, алайда, ол бұл тақырыпты талқылауға уақыт таппай-ақ қойды.

Облыс орталығында алдағы үш-төрт жылда аралас мектеп мәселесі шешіле бастайды деген үміт бар. Оған, әрине, жаңа қазақ мектептерінің тұрғызылуы септігін тигізбек. 20-шы шағынаудандағы қазақ ағайындарымыз үшін де қуанышты күн алыс емес. Өйткені, қазақ мектептерінің бірі осы ауданда да тұрғызылады деп жоспарланып отыр.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp