Қазіргі заман оқушысы функционалды сауатты болуы тиіс дегенді жиі айтамыз. Ал бұл қандай талаптар мен көзқарастар бойынша бағаланады?
Баға қоюдың формасы мен тәсілі, оқушыларға әсер ету және ынталандыру шаралары сан рет өзгерді. Көп жылдардан бері елімізде қолданылып жүрген 5-ке дейінгі бағалау жүйесі – өте қарапайым, әмбебап әдіс. Педагог сыныптың орташа білім деңгейін негізге ала отырып немесе оқушылардың жетістіктерін өзара салыстыру арқылы баға қояды. Бұлай бағалаудың бірқатар кемшіліктерінің бары белгілі. Оқушыларға қойылған баға оқу бағдарламасының жекелеген бөлімдері бойынша алынатын нақты білім мен дағдыны көрсете алмағандықтан, әр оқушының жеке білім алу траекториясын анықтау мүмкін болмайды. Қорытынды бағаны шығарарда ағымдағы бағалар есепке алынады, бірақ бұл ретте оқытудың қорытынды нәтижесі әділ бағаланып отырғанына көз жеткізу қиын. Оқыту процесінде мұғалім оқушымен жекелей жұмыс жүргізуге аз көңіл бөлетіндіктен, шәкірттің оқудағы белсенділігі де төмендейді.
Бұл мәселелерді шешу үшін оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін жасау қажеттігі туындады. Қазақстанның зияткерлік мектептерінде қорытылып жасалған критериалды бағалау оқушыларға өз қателерін түзетуге, бойындағы дағдысын анықтауға, өз жұмысын бағалау және бақылау жолдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша білім алатын сыныптардың оқу жүйесіне критериалды бағалау енгізілді. Мұндай жаңашылдыққа үйреніп кету оңай болмады. Әсіресе, ата-аналар тарапынан көптеген сұрақтар туындап жатты. Дегенмен, араға көп уақыт салмай, олар жаңа жүйенің балалардың жұмыс барысында өз қателерін дер кезінде түсініп, қай тақырыпты жете меңгермегенін немесе, керісінше, жақсы ұғып алғанын білуге көмектесетініне көз жеткізе бастады. Жаңа бағалау жүйесі әр балаға оқу үрдісіне, шығармашылық және ұжымдық жұмыстарға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Әр сабақ талқылау, диалог ретінде жүргізіліп, оқушылар мұғаліммен бірге атқарған жұмысын бағалау критерийлерін жасайды. Ұстаздар сабақ барысында оқушылардың өзіне жауапкершілікпен қарауға, өзін-өзі бағалау мүмкіндігін қалыптастыруға жағдай тудырады. Балалар да “мен нені үйрендім” немесе “нені үйренбедім”, “нені мүлдем түсінбедім” деген сұрақтарға жауап іздеп, өз бетінше талдау жасай алатын болды.
Критериалды бағалау суммативті және формативті бағалаудан тұрады. Суммативті (қорытындылаушы) бағалау белгілі бір уақыт аралығында тақырыпты, тарауды оқып болғаннан кейін оқушы білімінің, іс-әрекетінің, дағдысының, құзыреттілігінің қалыптасу деңгейін анықтауға арналған. Ол тексеру жұмыстарының нәтижелері бойынша жүргізіледі. Тексеру жұмыстары тест, бақылау, зертханалық жұмыс, зерттеу жұмысы, шығарма, эссе және т. б. бойынша өткізіледі. Оларға қойылған ұпайлар қорытынды бағаны анықтауға негіз болады.
Формативті бағалау оқушының оқу процесін үздіксіз, мақсатты бақылауға алу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, ұстаз бен оқушы дұрыс меңгерілмеген тақырыпқа қайта оралып, орындалған тапсырмаларды түзетіп отырады. Және бұған баға қойылмайды. Бұл үрдіс бала оқу бағдарламасын толық меңгергенше жалғасады.
Ирина ЕЛЬЦОВА,
№5 орта мектептің директоры