«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫ ЕҢБЕК ЖАҚЫНДАСТЫРАДЫ

“Жасыл ел” жасақтары еңбек маусымын салтанатты түрде жауып, үш айлық жұмысты қорытындылауды дәстүрге айналдырған. Биылғы маусымның жабылуы “Даму” акционерлік қоғамының облыстық филиалында өтіп, оған Ресей Федерациясының Омбы, Қорған облыстарындағы студенттер жасағының өкілдері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Жасыл ел” жасағы биыл 14-інші маусымын қорытындылап отыр. Осы уақыт аралығында бұл жобаға 260 мың жас қатысып, 45 миллионнан астам ағаш отырғызды. Ел бойынша саябақтар мен бақтар абаттандырылып, 150 мың гектар аумақта көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. “Жасыл ел” жасағының жетекшісі Асқар Баймұқановтың айтуынша, биылғы жаз мезгілінде өңірімізде 277 жас көгалдандыру жұмыстарына қатысқан. Ал Ресей студенттер жасағының жұмысы басталғанына келесі жылы 60 жыл толады екен. Шарада бұл кездесудің алдағы екі ел арасындағы ынтымақтастық форумы үшін маңызды екені атап өтілді.

– Биылғы жаз мезгілінде Ресей студенттер жасағының Омбы облысындағы бөлімінде 29 мыңнан астам өрен жұмыс істеп, қосымша ақша табуға мүмкіндік алды. Олар қалаларды абаттандыру, құрылыс, ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене қатысты. Біздің негізгі міндетіміз жастардың жаз мезгілінде жұмыс істеуіне, шығармашылық тұрғыдан дамып, патриоттық, экологиялық тәрбие алуына жағдай жасау, – деді Ресей студенттер жасағының штаб командирі Алексей Потейко.

Биыл Ресейде білім алып жүрген екі жарым мыңнан астам қазақстандық жазғы демалыс уақытында жергілікті студенттер жасағының құрамында еңбек еткен.

Қос өңір жастары арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта өзара тәжірибе алмасып, жастардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған тиімді бағдарламалар жүзеге асырылмақ.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp