
Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, ойларын іркілмей жеткізе алады. Мұнымен шектеліп қалмай, өзге тілдерді де меңгеріп жүргендер бар. 12-сынып оқушылары Бибінұр Нұрманова мен Мижгона Нұралиеваның қолдары қалт етсе қытай, кәріс, француз, түрік тілдерін үйренеді.
Мижгона Нұралиева тілді оқулықтардың, түрлі бағдарламалардың және әдістемелік құралдардың көмегімен оқығаннан гөрі, кино, музыка, көркем әдебиет арқылы меңгерген тиімді екендігін айтады. Мектеп оқушысы бүгінде бес тілде еркін сөйлейді.
– Бірінші сыныпқа барғанда ана тілім – тәжік тілін ғана білетінмін. Әке-шешем мені қазақ мектебіне берді. Басында қиын болды. Бір жылда қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алдым. Ағылшын тілін де мектеп бағдарламасы бойынша үйрендім. Біз Петропавлға Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан көшіп келдік. Ата-әжем, туыстарымыздың барлығы сол жақта тұрып жатыр. Өзбекстанмен шекаралас болғандықтан ба екен, ауылға қонаққа барғанда ондағылардың барлығы өзбек киноларын көп көретінін аңғардым. Мен де көпшілікпен бірге кино көріп, аз уақыт ішінде өзбек тілін үйреніп алып, еркін сөйлей алатын болдым, – дейді Мижгона.
Полиглот қыз ағылшын тілі, биология, алгебра сабақтарын жақсы көреді. Ол мектепті аяқтаған соң Назарбаев Университетіне түсуді жоспарлап отыр. Ұстаздарының айтуынша, Мижгона – ізденімпаз оқушы. Мерзімді басылымдарға, мектепішілік журналға түрлі тақырыптарда мақалалар жазып тұрады. Ол сондай-ақ, мектепішілік “Гәкку” би ансамблінің мүшесі. Биыл шілде айында шығармашылық ұжым Астана қаласында өткен “Грация” республикалық байқауында бірінші орын иеленді. Көп тіл білу заман талабы екенін ұғынған жас полиглот жуырда француз тіліне ден қойған. Одан кейін жапон тілін меңгермек.
– Мижгона – мінезі ашық, ақжарқын оқушы. Сыныптағы оқушылардың ортасында беделді. Әрдайым алдына мақсат қойып, соған жете біледі. Отбасының тұңғышы болғандықтан да шығар, өз ісіне жауапты. Өнерге жақын. Сабағына да, қоғамдық жұмыстарға да үлгереді, – дейді сынып жетекшісі Алтынай Нұрбайқызы.
Мижгонаның сыныптас құрбысы Бибінұр Нұрманова қазақ, ағылшын, орыс, кәріс тілдерінде еркін сөйлей алады, қазір француз тілін меңгеріп жүр. Қытай тіліне де қатты қызығады. Қазір оны кино арқылы үйренуді бастаған.
– Достарыммен көбіне орыс тілінде, ал үйде қазақша сөйлейміз. Кейбір сабақтар ағылшынша өтеді. Менің арманым көп тіл меңгеріп, әлемге саяхат жасау. Қазір сол мақсатымды жүзеге асыру үшін алғашқы қадамдарымды жасап жүрмін. Көбі қытай тілін меңгеру қиын екендігін айтады. Ол шынында да солай. Мен үшін иероглифтердің өзі қызық. Адам көп тіл меңгере алады деп ойлаймын, тек оған қызығушылық болуы керек, – дейді ол.
Бибінұр да тілді арнайы курстарға бармай-ақ, өздігінен меңгерген. Мектеп оқушысы бос уақытында сурет салғанды жақсы көреді.
Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әсел Авкубаева кез келген тілді меңгеру үшін адам алдымен өзіне ыңғайлы жүйені таңдап алуы қажет екенін айтады.
– Мижгона мен Бибінұрдың екеуі де – алғыр, талапты қыздар. Мижгона көшбасшылық қабілетімен ерекшеленеді. Ал Бибінұр байсалды. Екеуінің де бойында білімге деген құштарлық зор. Тілді меңгеру үшін әуелі адамда қызығушылық қалыптасуы керек. Мәселен, ағылшын тілін көбі оқуға түсу үшін немесе шетелге бару үшін оқиды. Тіл мұғалімін де дұрыс таңдау керек. Біреулер жалғыз оқығысы келсе, келесілері топпен білім алғанды қалайды. Осының барлығын ескере келіп, діттеген мақсатқа жетуге болады, – дейді ол.
Тіл мамандарының пікірінше, кез келген адам бірнеше тілді меңгере алады. Ең қиыны – бірінші шет тілін үйрену. Полиглоттардың көбі 3-4 тілді жетік меңгереді екен, ал қалғандарын қарапайым деңгейде ғана біледі.
Эльмира КӘЛЕНОВА.
журналист.
Суретті түсірген автор.