
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында судьялар арасында құқықтық сауаттылық бойынша турнир өтті. Шараға жерлестерімізден бөлек, Астана қаласындағы әскери соттың, Ақмола және Қостанай облыстық соттарының судьялары қатысты.
Облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов жаңа буын судьялардың кәсібилігінің артуына, өзара достық пен ұйымшылдыққа ықпал ететін құқықтық турнирдің маңыздылығын атап өтті. Төрағаның айтуынша, турнир жаңадан тағайындалған және бес жылға дейін өтілі бар судьялардың біліктілігін арттыруға, олардың креативті ой-өрісін одан әрі дамытуға бағытталған.
Командалар 8 тур бойынша сынға түсті. Олар қолданыстағы заңнамалар мен заңдарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар әр команда сот отырысынан көріністер көрсетіп, берілген тапсырмаларды орындады. Турнир барысында көрермендер назарына бейнероликтер ұсынылды. Байқау соңында командалар Судьялық әдеп кодексінің нақты нормаларымен байланысты театрландырылған қойылымдар қойды.
Құқықтық турнир қорытындысы бойынша Қостанай облысының намысын қорғаған “Құқық білгірлері” командасы жеңімпаз атанды. Астана қаласының “Орда би” командасы екінші болса, Ақмола өңірінің “Алаш тарландары” командасы үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен бірге қазылар алқасының шешімі бойынша турнирде белсенділік көрсеткен қатысушыларға түрлі аталымдар бойынша дипломдар табысталды. Атап айтқанда, облыстық соттың “СССР” мен әскери соттың “Әділ сот” командалары “Жеңіске деген жігері үшін” және ”Заманауи ойлау” аталымдарында жеңіске жетті. Елордалық команданың капитаны Айбек Амангелдин “Турнирдің үздік капитаны” атанды. Біздің өңір командасының мүшесі Бердібек Мұстафин “Құқық білгірі”, Қостанай облыстық сотының өкілі Ирина Строколь “Ең білімді”, Ақмола облыстық сотының қызметкері Ғалия Бақтығұлова “Ерекше дарынды қатысушы”, ал әскери сот командасының мүшесі Ұлбала Дәуітова “Сот жүйесінің үміті” аталымдарына лайық деп танылды.
Айя БӘКІБАЕВА,
облыстық соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.