«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МӘДЕНИЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ДІҢГЕГІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында жаһандану дәуіріндегі қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән беріп, ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болу үшін “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасын іске асыруымыз қажеттігін айта келіп: “Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек. Бұл жоба нені көздейді? Бірінші, отандық мәдениетте БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс”, – деген болатын.

Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның аясында әлемдік деңгейдегі сахналарда “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театры, “Қазақконцерт” мемлекеттік концерт ұйымы мен республикалық белді де беделді өнер ұжымдарының өнер көрсетуі жоспарланған. Біздің өңірдің өнерпаздары да “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өтетін мәдени шаралардан шет қалып отырған жоқ.

Адамзат мәдениеті мен қазақтың өнерін заманауи деңгейге көтеру мақсатында өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты жүйелі жұмыс атқаруда.

Алпыс жылдық тарихы бар колледж осы уақыт ішінде жиырма мыңнан астам маманды даярлады. Еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген оркестр мен опера әншілері, музыканттар, композиторлар, режиссерлер, драма актерлері мен суретшілер – біздің білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттер. Оның ішінде республикалық және халықаралық өнер додаларының лауреаттары мен дипломанттары бар. Отыздан астам өнерпаз “Астана Опера” мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істейді. Түлектеріміздің көбі колледжді тамамдағаннан кейін жоғары білім алуды көздейді. Сондықтан біздің оқу ордасы Қазақ ұлттық өнер университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне мамандарды бағыттайтын оқу орны болып саналады.

Ұлттық мәдениет пен ұлттық рух әр адамның бойынан табылуы тиіс. Төрткіл дүниеге танылған тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын отансүйгіштікке тәрбиелеп, олардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіруде ұстаздардың еңбегі орасан. Өнерлі де талантты жастарға жол сілтеп, үмітін үкілеп, қанатын қатайтқан оқытушылардың еңбегі өлшеусіз. Ұжымымызда Елена Мещеркина, Тойкен Күдерова, Альфия Подолян, Анатолий Тюрин, Геннадий Брюханов, Назгүл Маштақова сияқты тәжірибелі, білікті мамандар еңбек етеді. Тәлім алушылар мен тәлімгерлердің жақсы жетістіктерге қол жеткізуіне мүмкіндік жасап, ұжымды ұйыстырған білікті басшы, “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері Роза Кәшеневаның еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Шәкірттің жеңісі – ұстаздың жемісі емес пе? Тәлім алушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық байқаулар мен фестивальдарда жүлделі орындарды иеленіп, білім ошағының мерейін үстем етуде. “Кескіндеме” мамандығының студенті Егор Загребельный Чехияда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық байқаудың лауреаты атанса, Нұрилә Бектасова Президент стипендиясының иегері болды. Руслан Мұстафин мен Мирас Баянов Грузия, Ресей елдерінде жеңіске жетті. Ал өнер колледжінің түлегі Руслан Баязитов АҚШ-та өнер саласында табысты еңбек етуде. Яков Стрижак – Кельн театрының әншісі.

Қазіргі заманғы бәсекеге қабілеттілік – экономикалық даму, халықаралық бастамалар мен жобалар ғана емес, мәдениетті қалыптастыру, өзіндік мәдени жетістіктермен әлемге танылу. Қазақстан дамуының жаңа кезеңінде қазақстандық мәдениеттің үздік үлгілері мен жетістіктерін әлемге паш ету көзделген. Сондықтан мәдениет, өнер арқылы елімізді шетелге таныту қажет.

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бағдарламалық мақаласында: “Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады”, – деді. Бүгінде біздің алдымызда сол ұлттық кодты сақтау мақсаты тұр. Мұндағы ұлттық код деп отырғанымыз – қазақтың әні мен күйі, төл мәдениеті мен әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі.

Ұлттық төл мәдениетіміздің айтулы саласы, сұңғыла сазды домбыра күйлерінің қоңыр үнін ел ішінде насихаттаушы, ха­лық жүре­гіне жеткізуші – қазақ халық аспаптары. Колледжде қазақ халық аспаптар бөлімі бар. Мұнда домбырадан басқа атадан балаға мирас болып қалған қыл қобыз, прима-қобыз және шертер аспаптары оқытылады. “Күдер” домбырашылар ансамблі, “Арқа сазы” фольклорлық оркестрі, “Назқоңыр” қобызшылар ансамблі мен кіші қобызшылар ансамблі – білім ордасының мақтаныштары.

Біз Қазақстанның музыкалық элитасын тәрбиелеу арқылы қазіргі замануи қазақстандық мәдениетті әлемдік қауымдастыққа таныстыруға үлес қосудамыз. Оның айқын көрінісін әртүрлі халықаралық жарыстар мен концерттік бағдарламалардан, шетелде жұмыс істейтін біздің түлектерміздің жұмысынан аңғаруға болады. Ұлт мәдениетін шетелде танытып жүрген ұстаздар мен студенттер өнерді насихаттап, рухани құндылықтарымызды ұлықтауда.

Шетелдерге барған сапарларымда қазақ ән өнеріне, жалпы мәдениетіне қайран қалған халықтың ыстық ықыласы мен құрметі ерекше екенін байқаймын. Бұл өнерді шетелдіктердің жүрегіне жеткізе алған өнерпаздардың кәсіби шеберлігі жоғары деңгейде екенін аңғартады.

Оқу ордасы алыс-жақын шетелдермен шығармашылық байланыс орнатуда. Оқытушыларымыз Дина Таушева, Рамзат Балакишиев, Диана Таймышева, Гүлсара Жазитова Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Австрия, АҚШ, Қытай елдерінде қазақ өнерін паш етті. Сондай-ақ, Бахыт Ілиясов Ресейде өткен М.Магомаев атындағы ән салу байқауында жүлделі орын алса, Марат Закирьянов Үндістанда үрмелі аспаптар сайысында бірінші орынға ие болды. Біржан Есжанов, Қайырлы Ғафуров, Асхат Ғалеев Берлин, Франфуркт, Анкара, Ыстамбұл, Түмен, Дубай аспанын әнге бөлеп, қос ішекті домбыраны күмбірлетті. Бұл жетістіктер – ұстаздардың табанды еңбегінің нәтижесі.

Өнер ұжымына, өнерпаздарға әрқашан мемлекет тарапынан қолдау бар. Мәдениеттің дамуына айрықша көңіл бөлудің арқасында біздің студенттеріміз бен оқытушыларымыз әлемдік сахналарда өнер көрсету бақытына ие болғаны қуантады. Сондай-ақ, колледждің материалдық-техникалық базасының жақсаруы жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін айтқан жөн.

Ұлттық мәдениеттің негізі – өнер. Ұлттық өнер арқылы жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті паш ету – біздерге жүктелген міндет. Оксфорд қаласында әлемнің елу үш елі қатысқан “ХХІ ғасыр көшбасшысы” халықаралық саммитінде кәсіби музыкалық оқу орындары арасында ұжымымыз “Еуропалық сапа” атты халықаралық марапатқа ие болды. Сонымен қатар колледж Ұлыбританияда көпұлтты іскерлік іс-шараларды өткізетін Еуропалық бизнес Ассамблеясының (EBA) мүшесі ретінде тіркелді.

Бүгінде Қазақстан мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып, шетелге танылып жатқан түлектеріміз аз емес. Актерлік өнер мамандығы бойынша білім алып, “Айка” драмасында басты рөлді сомдаған түлегіміз Самал Есләмованың жеңісі қазақ елінің абыройын асқақтатты. “Қазақстан дауысы”, “МузАртLive” мега-жобаларының қатысушысы Иса Әлимұсаев сияқты дарынды шәкіртімізді мақтаныш етеміз. Сондай-ақ, Мәдениет қайраткері Вячеслав Ткач, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Вероника Гришуленко, Ирина Морева, Нұрлан Тайыров сияқты өнерпаздар шығармашылықтың шыңын бағындыруда.

Әлия ӘСКЕРОВА,

өнер колледжінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp