Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін кезекті баспасөз турын ұйымдастырды. Журналистер бұл жолы Петропавл қаласындағы мәдениет нысандарында жүріп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға ат басын бұрдық. Өткен жылы кітапхананың іші күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылған болатын. Енді кітапхананың қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 43 млн. теңге бөлінген. Бір айға созылған жаңғырту жұмыстары барысында ғимараттың кіреберісі, баспалдақтары, шатыры мен шахталары және терезелері жаңартылған. Сондай-ақ, кітапхананың қабырғасына кітаптар инсталляциясы ілінді. Енді әдеттегі кірпіш қабырғаның орнына арнайы сөреге Шоқан Уәлиханов, Абай мен Пушкин, Ғабит Мүсірепов туындылары көрік беріп тұр. Бұл идеяны кітапхана мамандары жергілікті шеберлердің көмегімен жүзеге асырған.
Бұдан кейін журналистер Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында болды. 1972 жылы салынған ғимараттың ұзақ жылдар бойы сырт жағындағы қабырғалары жөнделмеген. Биыл қайта жаңарып, жаңа кейіпке енді. Театр директоры Спартак Рамазановтың айтуынша, облыс бюджетінен бөлінген қаржыға мәдени ошақтың кіреберісі боялып, қабырғалары жөнделіп, терезелері ауыстырылған. Мекеменің алдына өрнектас төселіп, асфальт жамылғысы жаңартылды. Сондай-ақ, маңайдағы ескі ағаштар кесіліп, жас көшеттер отырғызылған. Алдағы уақытта театрдың кассасына да жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
“Жас өркен” шағынауданында неоклассика үлгісіндегі 500 орындық жаңа қазақ театрын салу жоспарланғанымен, бөлінген қомақты қаражаттың бір бөлігі С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрын жаңғыртуға бағытталуда. Мәдени ошақтың бейнебақылау жүйесі іске қосылып, ішкі бөлмелерді әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілсе, фойесі де түрленіп, көз тартар тамаша түрге енді. Бүгінге дейін нысанның өртке қарсы жүйесі толығымен ауыстырылған, театр алдындағы субұрқақ алынып, орнына өрнектастар төселуде.
– Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін үнемделген қаржы есебінен ғимараттың артқы жағын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта өнер ошағының жылыту жүйесі жаңғыртылатын болады. Қазіргі таңда аталған жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ, әдемі гүлзар мен орындықтар орнатылып, жарық шамдары ауыстырылатын болады, – дейді театр директоры Біржан Жалғасбаев.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Нұрмұқанова соңғы екі жылда мәдениет нысандарын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге облыс бюджетінен 256 млн. теңге бөлінгенін айтты.
– Өңірдегі 13 мәдениет нысанында қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Биыл Шал ақын ауданының Мәдениет үйі, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры және Аққайың аудандық мұрағатының ғимаратында жөндеу жұмыстары аяқталады. Жыл соңына дейін облыстық бюджеттен бөлінген қосымша 65 млн. теңгені игеру қажет. Бұл қаражаттың басым бөлігі облыс орталығындағы мәдениет нысандарын қалыпқа келтіруге жұмсалады, – дейді Зәуре Талапкерқызы.
Сондай-ақ, жақын күндері көпес Янгуразовтың үйі және Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішіне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.