Елбасы дәстүрлі Жолдаулары мен ел дамуын айшықтайтын мемлекеттік бағдарламаларда туризм кластерінің дамуына ерекше мән беріп, Қазақстанды саяхатшылар үшін тартымды елге айналдырудың бағыт-бағдарларын көрсетіп келеді.
Соңғы жылдары облысымызда ішкі туризм саласы қарқынды даму үстінде. Алға қойған барлық жобаларды жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мәдени-тарихи, ойын-сауық, жағажай демалысы, қысқы туризм, сондай-ақ, қысқамерзімді және белсенді демалыс сияқты негізгі жүйелік тәсілдерді қарастыруда. Бүгіндері облысымызда 30 туристік бағыт бар. Бұл орайда Есіл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын аудандары және Петропавл қаласының әлеуеті жоғары. Өңіріміздің ерекше табиғаты мен туристік қызмет түрлеріне қызығушылық танытатын көпшілік негізінен тарихи орындарға бай Айыртау ауданында орналасқан Имантау-Шалқар демалыс аумағына жиі барады. Аталмыш ауданда 30-ға жуық тарихи және мәдени ескерткіш бар, олардың ішінде республикалық маңыздағы нысандар – Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, неолит дәуірінің тамаша ескерткіші – ежелгі Ботай қонысы және Айғаным ханшаның қыстауы, Ш.Уәлихановтың мұражайы өңіріміздің киелі картасына енгізілген. Айыртау ауданында бұдан басқа туризмнің 37 нысаны, соның ішінде көлдің жағасында орналасқан балаларға арналған үш сауықтыру орталығы бар.
Қазіргі уақытта отыз жеті нысан шеттен келген қонақтарға сапалы қызмет көрсетуде. Ауданда тарихи-мәдени, емдеу-сауықтыру, спорттық, аңшылық пен балықшылық кәсіптер қанат жаюда. Биылдың өзінде ауданға отыз мың турист келіп, қасиетті өлкенің таза ауасымен тыныстап, таңғажайып табиғатын тамашалап қайтты. Қызмет көрсету көлемі 34,5 миллион теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 51 пайызға көп.
Туризм саласының жаңа бағыттарына басымдық берілуде. Мұндағы жұмыс бірнеше бағыт бойынша орындалатын болады. Соның бірі – медициналық туризм. Өңіріміздің әсем де көрікті Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылының іргесінде орналасқан “Солнечный VIP” демалыс базасында тұзды үңгір, фитобөшке, панта ваннасы, массаж кабинеті сияқты процедуралар жүргізіледі. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтердің аясы кеңеюде. Демалыс базасында тұру және тамақтану қызметтерінен басқа яхта мен катамаранды жалға алу, караоке, монша және сауна қызметтері ұсынылады.
“Арқа” деп атауын өзгерткен бұрынғы “Шалқар су” шипажайында және Мамлют ауданының Меңгесер көлінің жағасында сазбен емдеуге арналған ғимарат құрылысын салу жоспарланған.
Аңшылық және балық аулау туризмі жайлы айтатын болсақ, мұның инфрақұрылымы осы аумақтарда экологиялық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Ал облыста су айдындарының көлдер және өзендердің көптігі балық аулауды дамытуға септігін тигізеді. Осы орайда Айыртау, Есіл, Мамлют және Мағжан Жұмабаев аудандарында аң, балық аулау үйлерін салу қажет. Өйткені, шетелдік қонақтардың көпшілігі туризмнің бұл түріне қызығушылық танытуда.
Алдағы уақытта өңірімізде қысқы туризмнің де ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге көтерілетініне сенім мол. Қала маңында тау шаңғысы кешені салынбақ. Сөйтіп, спортсүйер қала тұрғындары Есіл өзенінің жағасында тау шаңғысы және сноуборд сынды спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігіне ие болады.
Бүгінгі таңда облыс орталығында қала қонақтарына 615 нөмірі бар 21 қонақүй қызмет көрсетеді. Солардың ішінде “Скиф”, “Қызылжар”, “Алтын Адам”, “Green Which” сияқты таңдаулы мейманханалар бар. Сондай-ақ, Петропавлда он қабатты “Hampton by Hilton” сауда-қонақүй кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін төрт жұлдызды нысан 7,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Кешеннің әр қабатында супермаркет, шаштараз, химиялық тазалау пункті, фитнес зал, бассейн орналасқан. Биыл “Алтын Адам”, “Қызылжар”, “Скиф” қонақүйлерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, өңірімізге келген меймандарға әлемдік стандарттарға сәйкес қызмет көрсетілетін болады.
Өңірдің танымалдығын арттыру бойынша біраз жұмыс атқарылуда. Мысалы, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының қызметкерлерінің қолдауымен “National Geographic” халықаралық журналы ақ қайыңдар өлкесінің көрнекті жерлеріне экспедиция ұйымдастырды. Бұл шараның қорытындысы бойынша облысымыз туралы жеке нөмір шығарылып, фото мен бейне материалдардың қоры жасалатын болады.
Ресейдің шекаралас орналасқан Қорған, Омбы, Түмен және Челябі облыстарымен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Меморандум аясында Түмен облысында туристік бизнес пен сала мамандарынан құралған облыс делегациясы үшін ақпараттық тур ұйымдастырылды. Қазан айының басында ресейлік делегацияның сапары жоспарлануда. Оның барысында өңірдің туристік нысандары таныстырылатын болады. Биыл облыс, қала тұрғындары мен меймандардың ұлттық салт-дәстүрлерімізбен, мәдениетімізбен танысуға мүмкіндік беретін “Мөңке күні” мерекесі және “ҚымызFest” фестивалі өткізілді. Бұл шараларға елімізден және Ресейден екі мыңнан астам адам қатысты.
Облысымыздағы демалыс орындары туризм саласының өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Есіл ауданындағы “Сосновый бор” демалыс аймағын ерекше атап өткен жөн. Жазғы кезеңде аттракциондар, дәмхана, монша, үйлер, жабық күркелер жұмыс істейді. Шатырларды, мангалдарды, су мотоциклдерін, катамарандарды жалға беру қызметі ұйымдастырылған. Қызылжар ауданында да көптеген туристік нысандар бар. Мысалы, “Абакшино”, “Березовая роща”, “Серебряный бор”, “Волна”, “Green Wood” демалыс нысандарына облыс тұрғындары мен қонақтары демалуға көптеп келеді. “Green Park” бірегей отбасылық саябақтың аумағында 9 қонақүй, монша, би алаңы, бірегей арқан паркі, бассейн бар. Сонымен қатар мейрамхана құрылысы жүргізілуде.
Бүгінде туристік қызмет көрсету саласында білікті қызметкерлердің, яғни, әкімшілер, бармендер мен үй жинаумен айналысатын қызметшілердің жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан өңірде қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін адамдар үшін оқыту курстары, тренингтер, семинарлар өткізу қажет. Осы орайда туризм саласының мамандарын даярлау мәселесінің өзектілігін атап өтпеске болмайды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті туризм мамандығы бойынша бакалаврларды даярлайды. Биыл 5 түлек оқу орнын бітіріп, сала маманы атанды.
Облысымыз арқылы теміржол, республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар өтеді. Экономиканың күретамыры саналатын жол сапасының мәселесі шешімін тапса, ішкі туризмнің дамуына оң әсер етері сөзсіз. Былтыр Имантау-Шалқар шипажай аймағындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарына 1 млрд. 469 миллион теңге қаржы бөлінді. Бес елді мекендегі жалпы көлемі он екі шақырымды құрайтын ауылішілік жол жөнделді. Оған 54 млн. теңге қаражат жұмсалды. Ал биыл бұл мақсатқа 3,2 млрд. теңге бағытталды.
Облысымыздың көрікті жерлері мен тарихи орындарын аралауды хош көрген туристердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Оның бір себебі – демалыс орындарында қосымша қызмет түрлерінің енгізілуі және демалу бағасының қолжетімділігі. 2015 жылы 68 мың адамға қызмет көрсетілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 120 мың адамды құрады. Үш жыл бұрынғы ақпаратпен салыстырар болсақ, сырттан келген туристер қатары 56,2 пайызға артып, 60 мыңнан асты. Үстіміздегі жылдың 6 айында демалыс нысандары 60,3 мың адамға қызмет көрсетті.
Алдағы уақытта облыстың туристік порталын ашу, мобильдік қосымша әзірлеу арқылы туризм саласын цифрландыру жұмысы жалғастырылады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Имантау-Шалқар демалыс аймағын дамыту бойынша жоспар дайындалуда.
Құралай ЖАРОВА,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.