«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МОЛАМА КӨЗ ҚЫРЫН ДА САЛМАС ПА ЕКЕН?”

Мен алаштың айбарлы ұлдары – Смағұл Сәдуақасов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов сияқты біртуар тұлғалардың қолтаңбалары қалған қарашаңырақ – облыстық “Soltústіk Qazaqstan” газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Басылым беттерінде жарияланған әр мақаланы қалт жібермей қадағалап, үнемі оқып отырамын. Әсіресе, газет ұжымының ұлт руханиятын дәріптеу, өңірімізден шыққан қаламгерлердің шығармаларын, өнегелі өмірлерін насихаттау бағытындағы мақалалары көңіліме қуаныш ұялатады. Өйткені, руханиятқа жанашырлық – ұлттық, адами құндылықтарды жан-жақты жетілдірудің бірден-бір жолы.

Менің айтайын дегенім, осы газеттің  №114 (22. 09. 2018 ж.) санында жарияланған журналист Ақмарал Есдәулетованың еңбек ардагері Оразғали Шаймерденовтен алған сұхбаты жайында болмақ. Бұл сұхбат маған ерекше әсер етті. Мағжан Жұмабаев ауданындағы бір кездері Көкшешапқан, кейін Комсомол атанған ауылдың тағдыры мені де алаңдатып отыр. Ауыл маңында қазақтың ақмаңдай ақыны Мағжан Жұмабаевтың анасы – Гүлсім Әшірбекқызының зираты бар екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өкініштісі сол, зираттың қараусыз, күтімсіз қалуы жанға жара салмай қоймайды.

Мен ұзақ жылдар бойы Мағжан Жұмабаев ауданында ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқардым. Гүлсім анамыздың жерленген жерін тапқандардың бірімін. Кемеңгер ақын, алты Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың ақталып, шығармалары халық арасына қайта орала бастаған 1988 жыл болатын. Сол уақыттан бастап жазықсыз жала жабылып, нақақтан-нақақ “халық жауы” атанған ақиық ақынның ұлттық рухтағы өлеңдері ел аузында айтыла бастады. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде өңірімізге табан тіреген жазушылар М.Жұмабаевтың туған жері – Сарытомарға ат басын бұрды. Олар Мағжанның анасының мәңгілікке жайғасқан жерін көздерімен көргісі келетіндерін айтты. Анамыздың зиратын табу оңай болмағаны да рас. Комсомол ауылында тұратын ақсақалдардың айтуымен, Гүлсім анамыздың жатқан жерін тауып, оны қоршадық. Кейін облыстық соттың сол кездегі төрағасы Бекет Тұрғараев зиратты қоршап, белгітас орнатқызды.

“Түнде тұрып түн ұйқыңды төрт бөлдің,

Тыныш ұйықтасын деп аз сөйлеп, аз күлдің.

Ыңырансам, иә қарным аш, иә тоңған,

Екенімді ойламастан тез білдің.

“Жаным – дедің, – қарашығым, құлыным”,

– Сүйдің, қыстың, дедің: “Тәтті қылығың!”

– Қаз-қаз тұрсам, езу тартсам, құласам,

Я жыласам – бәрі жақты қылығым”. Бұл Мағжан Жұмабаевтың анасы жайлы тебіренісі. Мағжантанушылардың айтуы бойынша, кіндік қаны тамған туған ұясынан, өскен ортасынан ерте ұшқан ол мәңгі сөнбейтін махаббат, сарғайған сағыныш отына суарылған “Анама” деп аталатын бұл өлеңін жігіт болып қалған шағында, “Ата-анаң­нан без дедің, безбедім бе? Қаң­ғырып талай жалғыз кезбедім бе? Басыма талай қара күндер туды, Ата-ана, туысқанды іздедім бе?” деп ел-жұртынан жырақта жалғыздықтың азабын тартып жүргенде жазған. Алдаспан ақынның бұл шумақтары оқырман қауымға ана мен баланың ажырамас ұғымдар екенін ұқтырады. Анасы “қарашығым”, “құлы­ным” деп еміренсе, ал баласы Мағжан “Жаным анам – жібек тілді, ақ көңіл” деп оған әлемдегі ешбір жанды теңгермейді. Ендеше, “Жан балаңа ақ батаңды бере көр”, – деп ана тілегінен шуақ іздеген ақынның өзі жырлағандай, ең алдымен, анасы барлық құрметке лайық емес пе?

Биыл қазақ жұрты ғана емес, күллі түркі әлемі ақиық ақынның 125 жылдық мерейтойын атап өтті. Еліміздің барлық өңірінде аталмыш датаға орай мерейлі шаралар ұйымдастырылды. Сарытомарда өткен торқалы тойға белгілі қаламгерлер, ақын-жазушылар, мағжантанушылар қатысты. Осындай ауқымды жиындарда Мағжан Жұмабаевпен қатар оны дүниеге әкелген анасы – Гүлсімнің де есімі аталуы керек қой. Жергілікті билік өкілдері Гүлсім анамыздың зиратына апарар жолға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бейіт маңын қаулап өскен шөптерден тазартса деген тілегім бар.

Кез келген адам анадан туған. Ал ұлтымызға өлеңнің Хантәңірін сыйлаған Гүлсім ананың орны, тіпті, бөлек. Болашақта Гүлсім Әшірбекқызының басына кесене орнатып, оны туристер жиі барып, тағзым ететін орынға айналдыру қажет. Ауылдар құрдымға кетіп жатыр дейміз. Алтын бесікті сақтайтын жұрт жиі баратын осындай киелі орындар.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған “Туған жер” бағ­дар­ламасын қолға алуды ұсына келіп, “Біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек”, – деп атап өткен болатын. Ендеше, Гүлсім анамыздың зираты ұлтымыз қастерлейтін орынға әбден лайық.

Мағжан Жұмабаевтың өзінің “Жан сөзі” атты өлеңінде:

“Болмаса басыма да бармас па екен?

Атымды аузына да алмас па екен?

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен?”, – деген жолдар бар. Иә, қазақ халқының азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен ақынымыздың жатқан жері белгісіз. Ол туралы айтылған деректердің көбі шындыққа жанаспайды. Мәңгілік мекенін Қызылжар топырағынан тапқан Гүлсім анамыздың әруағын разы ету сауапты іс болмақ.

Зейнолла ОЛЖАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp