«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУДЫҢ НАҒАШЫ ЖҰРТЫ

Тарихи деректерді сөйлетсек, Қожаберген жырау нағашы жұрты тумысынан затты Алшын Сейітқұл әулеті – Жалаңтөс баһадүр тұқымдарының қамқорлығы мен тәрбиесін көріп, Бұхара, Самарқан, Үргеніш шаһарларының медреселерінде тәлім алып, араб, парсы тілдерін құштарлықпен үйренген. “Жеті Жарғының” кейбір баптарын жазып, Әз-Тәукеге табыс еткен. Елшілік, қолбасшылық қызмет жасаған. Жалаңтөс баһадүрдің арғы бабасы Ораз қажы Әмір Темірдің кеңесшісі екен. Ораз қажы ағартушы болғандықтан, оған Әмір Темір 16 қанат үй тігіп берген. Мұны ел “Ақмешіт ауылы” деп атаған.

Ұлт тарихында Жалаңтөс баһадүр – кәсіби қолбасшылық, саясаткерлік, сәулетшілік, жаһангерлік, әскери-стратегтік өнер-өнегесімен өзгешеленген дарабоз тұлға. Жалаңтөс баһадүр өзі салдырған “Ширдар” медресесі қабырғасындағы парсы тіліндегі тарихи лебізді Халел Досмұхамедұлы Масальскийдің “Туркестанский край” басылымында жарияланған мақаласынан алып келтірген: “Әмір, қолбасшы, турашыл Жалаңтөс: оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл – інжу-маржан: ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қатты қақса да, жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таңғалғандықтан саусағын тістеп алғандай, аспан жаңа толған айды қарпып қалды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы “Жалаңтөс баһадүр жылы” деп аталады”. Осы бір сипаттамада жалындай лапылдап, жасындай жарқылдаған Жалаңтөс баһадүрдің толық тұлғасы көрініс бергендей.

Енді Қожаберген жыраудың Кіші Жүздегі Қаракесек тайпалық бірлестігі құрамындағы Төртқара руына қатысын әңгімелейік.

Тегінде, Қаракесек бірлестігіне Әлім, Кете, Шөмекей тайпалары жатады. Халық – таразы, әділ сыншы. Шежіре сарындарына ден қойсақ, “Әлім-Шөменің ішіндегі биі – Төртқара, батыры – Қарасақал, мырзасы – Шөмекей”, “Әлім алдында аузыңды тый”, “Арғындар аса қонады, Әлімдер баса қонады”, “Тілеу, Қабақ, Төртқара, Сулары теріс аққан, Елдері сөз баққан” дейтін қанатты сөздер бар. Енді қазақ халқында елтану орайында тамаша бір дәстүр бар. Ол – ру-тайпалық жүйе құрылымы, туысқандық байланыстары. Түптеп келгенде, “жүз” ұғымы тайпалардың қоныстануына байланысты. Академик, оқымысты-тарихшы Оразақ Смағұловтың дәлелдеуінше, қазақ халқының қаны төрт мың жылдан бері өзгермеген.

Шежіретанудың бір қыры – аңыз деуге де болады. Осы ретте Төртқара атануының мәнісіне де зейін қояйық: “…Ол кез – қазақтардың Жоңғар қалмақтарымен жауласып, қайталап шауып, соғысып жүрген уақыты. Әлімнің балалары сол кезде Қаратаудың солтүстігіндегі, Ұлытауға жақын “Айыртау” жайлауында отырған еді дейді. Сол тұста Қарамашақ 21 жасында қалмақтармен соғысып жүріп шейіт болыпты да, Айыртауға жерленіпті, әйелі жесір қалыпты. Қарамашақтың ағасы Жаманақ қамқорлығына алып, Қарамашақтың әйелін, яғни келінін, жылдық асын берген соң некелеп алыпты. Осы төрт қара бала Жаманақтың қарамағында қамқорлығында, тәрбиесінде өсіпті. Ал Жаманақ болса осы төртеуіне: “Сен, төрт балам, Қарамашақтың баласысыңдар, әкең – Қарамашақ, әкең осы жерде соғыста қайтыс болды, “Айыртауда” жерленді, сендер әкеңнен жас қалдыңдар, әкең Қарамашақ екенін ұмытпаңдар, өскен соң “Айыртаудағы” әкеңнің бейітіне келіп зиярат етіп, дұға оқып тұрыңдар, мен сендерді – “төрт қарамды” ержеткізіп, ел қатарына қосып жіберсем, арманда жастай марқұм болып кеткен інім Қарамашақтың рухы риза болып, оған туыстық, ағалық борышымды ақтаған болар едім”, – деп күніне бір рет айтып, сол қара балаларының құлағына құйып, санасына сіңіре берген екен дейді.

Шешесі Қарамашақтың жұбайы, әжеміз ұзақ ғұмыр кешіп, сексеннен асып қайтыс болыпты дейді. Сол төрт қара бала Қарамашақтың (қысқартып “Қараның”) баласымыз деп өсіпті, Жаманақ атамыз осы балаларды тәрбиелеп өсіріп, ержеткізіп, әйел алып беріп, ел қатарына қосыпты. Отау тігіп, батасын беріп, алдарына мал салып беріпті. Бұл балалар да жауынгер, ер жігіт болып өсіп, қалмақтармен соғысқа қатысыпты. Жауға шапқанда әкесі Қарамашақтың бейітіне барып дұға оқып, сиынып шығатын болыпты да, “Қарамашақ!”, “Қарамашақ!”, “Айыртау!” “Айыртау!” деп ұрандап, атой салып жауға тиіседі екен дейді. Сонымен сол төрт қара баладан тараған ұрпақтар: “Қараның (қарамашақтың) төрт баласынанбыз” деп жүріп, елге “Төртқара” атанып кетіпті де, кейін осы руды “Төртқара” деп атапты. Ал Қарамашақтың жерленген жері “Айыртау” олардың ұранына айналып кетіпті. Айыртау деген “Төртқарада” кісінің аты жоқ”.

Сейітқұлдан 8 ұл, соның бірі – Жалаңтөс баһадүр, тағы біреуі Ақша би, Ақша биден – Бәйбек, Бәйбектен – Әйтеке би. Енді Қожаберген жыраудың Төртқара руына жиендігін әңгімелейік.

Қожаберген жыраудың ұлы әжесі, яғни нақтылай айтсақ, Қожаберген әкесі Толыбай сыншы, оның әкесі Дәулен батырдың жары Жамал Алшын Төртқара Жалаңтөс баһадүрдің туған әпкесі. Ал Қожабергеннің әйелі Айша Кіші жүз ішіндегі Есентемір Қабылан бидің қызы (бұдан 17 ұл-қыз өрбіген). Қожаберген жыраудың анасы – Ақбілек. Баянауылдық. Сүйегі – Сүйіндік. Ақбілек деген өзен болған. Жүсіпбек Аймауытовпен туысады. Оған айғақ – “Ақбілек” романы. Аты ұмытылмасын деген ниетпен қойған.

Қожаберген жыраудың тарихилығы мен деректілігі келіскен “Елім-ай!” дастанында Қоқанға хан болған Ақша бидің немересі Әйтеке би Бәйбекұлының тарихи тұлғасы мен ата-бабасы кемел сипатталған:

Сейітқұл уәзір болған Шығай ханға,

Ақша би билік айтқан осы маңға.

Қарадан хан атанған Әйтеке би,

Ұтымды уәж айтқан үлкен дауға.

Әйтеке ақылы кемел, сөзі маржан.

Құрметпен Тәуке ханның төріне озған.

Тең тұрып Қазыбекпен, Төле бимен,

Ел тағдырын шешетін Жарғы жазған.

Жалаңтөс билік айтып, қол бастаған,

Әмір боп Самарқанда ел басқарған.

Елу мың әскер ертіп, жоңғар шауып,

Жәңгір ханға есепсіз олжа салған.

“Жүз адам жүрсе із болады, мың адам жүрсе жол болады” дегендей, шынжырлы тұқымға жататын Әйтеке би Ұлықбек медресесінде, бағасы Жалаңтөс баһадүр салдырған “Тіллә – қари” (Алтынмен қапталған), “Шердор” (Арыстанды) медресесінде ғылым дариясынан сусындап, дін, құқық, тарих, астрономия, есеп, география пәндерін терең үйренеді, әлденеше тілдерді меңгереді. Ел басқару, елшілік, әскери қолбасшылық өнерге мықтап ден қойған. Әйтеке бидің кемеңгерлігіне бір мысал:

“Біз қазақ – бір ұяның

балапаны едік,

Қанаттанып, сұңқар болып самғайық!

Біз бүкіл қазақ – бір биенің құлыны едік,

Тұлпар болып оза шабайық!

Біз қазақ деген – бір тоғайдың ағашы едік,

Орман болып жасылданайық, жайқалайық!

Біз бүкіл қазақ – бір шаңырақ, бір қазан,

бір төрелік дастарқан болып,

Атамекенді түгел қамтиық!”

 

Бұл – даналық телегейінің інжу-маржаны дерсің!

Әкесі Бәйбек Ақша би баласы Мир – Араб медресесін тамамдаған. Шығай ханның ордасында хатшылық қызметте болған. “Төрелі би”, “төре би” атанған. Және де диқаншылық пен мал шаруашылығын дамытқан. Жалаңтөс баһадүрдің сарбаздарын көлік және ас-сумен үнемі қамтамасыз етіп отырған. Сөйтіп, атадан балаға жалғасқан ұлы дәстүр кең қанат жайған. Заттылық, тектілік деген осындай.

Кіші Жүз Қаракесек бірлестігіндегі Төртқара тайпасының тарихи этнографиясының тариханамалық-деректемелік, демографиялық, дәстүрлі мәдениет, шежіретану, елтану, ұлттық сана, тарихи таным, тұлғатану (хандар, билер, жыраулар, жыршылар, батырлар, қолбасшылар, шайырлары әулиелер), аймақтық ерекшеліктері ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы орыс-қазақ қатынастары жайындағы құжаттар мен материалдарда, А.Н.Левшиннің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” (1832), “Описание киргиз-кайсак” (СПб., 1867), “Топография Оренбургской губернии. Сочинение П.И.Рычкова 1762 года” (Оренбург, 1887), Л.Мейердің “Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. ч.1. Киргизская степь. Оренбургского ведомства” (СПб., 1865), “Ежегодник. Материалы для статистики Туркестанского края” (СПб., 1872, Вып.1), Н.И.Гродековтың “Киргизы и Каракиргизы Сырдарьинской области. т.1. Юридическая быть” (Ташкент, 1889), Н.А.Аристовтың “Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности” (СПб., 1897), М.Тынышпаевтың “Материалы к истории киргиз-казакского народа” (Ташкент, 1925), “Материалы по истории Казахской ССР (1785-1828 г.г.). т.4” (М-Л., 1940), сондай-ақ, қазақ ру-тайпаларының тарихы жобасы бойынша жарияланған (ХІІІ том. Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей). 4-кітап. Алматы, “Алаш” тарихи-зерттеу орталығы, 2010) зерттеулерде толық көрініс тапқан.

Сонымен бірге Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Халел Досмұхамедұлының, Серғали Толыбековтың “Қазақ шежіресі” (1992), Жарылғап Бейсенбайұлының “Қазақ шежіресі” (1994), Кенен Әзірбаевтың өлең түрінде туындатқан “Шежіресі”, Жақау Дәуренбеков пен Сансызбай Құттыбаевтың “Алты ата Әлім” (1994), Ақселеу Сейдімбектің “Қазақтың ауызша тарихы” (2008), профессор Мақсат Алпысбестің “Қазақ шежіресі” (2013) дейтін тарихнамалық, деректанулық, әлеуметтік-мәдени еңбектерінде Ұлы даланың тарихы баяндалған.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp