Мен киелі Қызылжар топырағында дүниеге келіп, осы жерде білім алған перзенттің бірімін. Жүрегімнің түкпірінде атамекенге деген сағыныш сезімі берік орныққан. Сондықтан да туған жермен байланысымды үзбей, әр кез хат-хабар алысып, жолым түсіп жатса, ат басын бұрып тұрамын. Ғасырға жуық тарихы бар, Мағжан, Смағұл, Сәбит, Сафуан секілді қазақтың маңдайалды ұлдарының қолтаңбасы қалған “Soltústіk Qazaqstan” газетінен де қол үзген күнім жоқ. Жақында басылым тілшісі Айгүл Ысқақованың ұйымдастыруымен “Бала – басты байлығымыз, ал ең асылы – оның тәрбиесі” деген тақырыпта “дөңгелек үстел” отырысы өткен екен. Шынымен де, ұрпақ тәрбиесі – бүгінгі қоғамдағы ең бір өзекті мәселенің бірі. Біреулер ата-ананың жауапкершілігі төмендеді деген пікірді алға тартса, енді бір топ қоғамдағы кертартпа келеңсіздіктерді ортаға салған екен. Шараға қатысқан меймандардың әрқайсысының да сөзі орынды. Қай ата-ана баласына жамандық ойласын? Бәріміз де үмітіміз ақталып, ұрпағымыздың жақсылығын көруді армандаймыз. Халқымызда “О, Құдайым, бала бер, бала берсең сана бер” деген аталы сөз бар. Саналы ұрпақ өсіру әрбір ата-ананың асыл арманы десем, қателеспеймін.
Ғұлама ұстаз әл-Фараби: “Дүниедегі ең оңай нәрсе – кісіге ақыл айту, ең қиыны – өзіңді-өзің түсіну”, – деген екен. Ақыл айтып, оқырмандарды мезі еткім келмейді. Көпбалалы ана ретінде өз тәжірибемді ортаға салуды жөн көрдім. Өнегеміз жас ата-аналардың кәдесіне жараса, біздің де көздегеніміз сол емес пе?!
Мен құрған “Нұр” отбасылық балалар үйі жайлы облыстық, республикалық басылымдарда талай рет мақалалар жарияланды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында жүздеген жәудір көздерді қанатымның астына алып, мейірім мен жылылық сыйлағанымды ешкімге де бұлдағым келмейді. Ең бастысы, бүгінгі күнге дейін 700-ден астам баланың аяғынан тұрып кетуіне қолымнан келгенше көмек бердім. Өзіміздің ұлттың балалары ғана емес, өзге этностың бүлдіршіндерін де құшағымды ашып, бауырыма бастым. Басып қана қойған жоқпын, ертеңгі күні олардың тәрбиесіне біреулер сын айтып, жанарымен жер шұқымау үшін барынша дұрыс тәрбие беруге тырыстым. Еңбегімнің жанғаны шығар, олардың алды шаңырақ көтеріп, маған немере сүйгізіп отыр.
Алғашында “Өз отбасыңды асыраудың қиындығы аз емес, ал өзгенің баласы абырой әкеле ме?” – деп күдік айтқандар аз болған жоқ. Бір адамның да сөзіне құлақ аспадым. Өйткені, мұндай шешімге келуіме себеп болған мына оқиға еді: жолдасыммен базарға барғанда үсті-басы кір-қожалақ, әбден жүдеген алты-жеті жасар қыз баланы көрдім. Арып-ашқан бүлдіршінді аяп кеттім. Жөн сұрасам, анасының сырқат, ал әкесінің “ащы суға” үйір екенін білдім. Өзі арбаға таңылған мүгедек орыс кемпірін жағалап жүр екен. Бұл баланың осынша қиындық көретіндей қандай жазығы бар еді? Жұбайым екеуіміз мән-жайға қаныққаннан кейін оны бауырымызға бастық. Сөйтіп, мен жайлы естіп, іздеп келетін балалардың қатары жылдан-жылға көбейе түсті. Оларды қуып жіберуге дәтім шыдамайды. Сондықтан екі көзі жәудіреп тұрған періште сәбиге адамның жүрегі қалай елжіремесін. “Маңдайға жазылған тағдырды таңдайдағы сөз өзгерте алмайды”, – деп жатамыз. Меніңше, мейірім, қайырымдылық, жомарттық – бар жақсылықтың басы. Қазақ – ежелден жетімін жылатпаған ел. Небір нәубет жылдарда да қиналғанға қол ұшын беріп, дәмін ұсынып, төрге оздырған халқымыздың асыл тәрбиесін бойымызға сіңіріп өскендіктен шығар, маңдайыма көпбалалы ана болу бақыты бұйырғаны. Ылайым, Аллаға шүкіршілік айтып отырамын.
Бізді ата-анамыз бұғанамыз қатпай жатып еңбекке араластырды, қолымыздан келгенше соларға қолқанат болдық. Өзім 29 жасқа дейін тұрмысқа шықпай, анама қарайлаумен болдым, өмірімді сол кісіге арнадым. Өйткені, ардақты жанның көрген қиындығы аз емес еді. Өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме алаңдаушы едім. Айтайын дегенім, ата-ана алдындағы жауапкершілік, ағайын-бауырға деген қамқорлық секілді ізгі қасиеттер адам бойына тәрбиемен келеді.
Мына бір оқиғаны да көпшілікке айтып өтудің артықтығы болмас. Бұдан біраз жылдар бұрын балаларымды аралас мектепке берген едім. Көп ұзамай директордан шақырту алдым. Алып-ұшып жетіп барсам, ол кісі қолыма бір қағазды ұстата салды. Оқып шықтым: “Қадірлі директор аға! Сізге хат жазып тұрған Коля. Біздің орыс сыныбында оқығымыз келмейді. Қазақ тілінде оқығымыз келеді. Бізді қазақ сыныбына ауыстырыңыз. Өйткені, біздің анамыз – қазақ”, – деп жазыпты. Көз жасымды тыя алмай сол жолы ұзақ жыладым. Әрбір ана баласына ессіз ғашық болса, перзенттің де аяулы жанға деген сезімі кіршіксіз.
Мен ұлдарым ержетіп, қыздарым бойжеткен шаққа келгенше өмірге толықтай дайын қылуға барымды саламын. Олардың қолынан келмейтіні жоқ. Тамақ әзірлеп, үй шаруасына көмектесіп, өзінен кейінгі кішкентайларға да қол ұшын беріп, шама-шарықтарынша тырысып жатады. Өмірдің ағымынан қалып қоймауларын да бақылап отырамын. Көлік жүргізіп, басқа да қажеттіліктерді меңгеріп алуларына көмегімді беремін. Міне, 20 жылға жуықтады, далада қалған ешқайсысы жоқ. Оларға ешқашан дауыс көтеріп, жекірген емеспін. Балаға ақылмен, сабырмен сөйлеген жөн. Сонда ғана сенің сөзің өтімді болады.
Бүгінгі күні өзім дүниеге әкелген үш баламмен бірге тұрып жатырмын. Одан бөлек асырап алған перзенттерім бар. Үш келінім мен немерелерім жанымда, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқанымызды да мақтанышпен айтып өтейін. Шаңырағымның шырайлы, керегемнің кең, босағамның берік болуы отбасымдағы түсіністіктің, ауызбіршіліктің, өзара сыйластықтың жемісі деп ойлаймын.
Тұяқ ЕСҚОЖИНА,
“Нұр” отбасылық балалар үйінің директоры.