
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Қазақстан халқы тілдерінің ХХ фестивалі аясында “Текті сөздің төресі – терме” деген атаумен алғаш рет облыстық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Петропавл қаласы мен аудандардан қатысқан он бір талапкер өткен ғасырларда өмір сүрген, қазақ өнерінің танымал тұлғаларына айналған ақын-жыршылардың шығармаларын орындап, Мәдениет үйіне жиналған көрермен қауымның қошеметіне бөленді.
Шараның ресми бөлімінде сөз алған аудан әкімі Болат Жұмабеков мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Қазақ тілінің дамып, қолданыс аясының кеңеюіне үлес қосқан бірқатар ұйымдар мен азаматтарды Құрмет грамотасымен марапаттады. Аудандық аурухана ұжымы “Тіл саясатын белсенді қолдаушы мекеме” аталымында жеңіске жетсе, Көгалажар елді мекені “Мемлекеттік тілді қолдаудағы үздік ауылдық огруг” аталымында озып шықты. Ауданның құрметті азаматы Иманбай Тасмағанбетов “Тіл жанашыры” аталымы бойынша марапатталды.
Сайысқа қатысқан өнерпаздардың бәрі – байқаудың аудандық, қалалық кезеңдерінен сүрінбей өткен жүйріктер. Олар ел бірлігі, Алашорданың 100 жылдығы, Қазақстан халқын топтастырудағы тілдің маңызы, этносаралық ынтымақтастық тақырыптары арқау болған жыр-термелерді айтудан сынға түсті.
Қазылар алқасының мүшелері қатысушыларды бағалау кезінде шығарма мазмұнының тереңдігіне, орындау, жүрекке жеткізе білу шеберліктеріне, тіл нормасының сақталуына, сахна мәдениетіне назар аударды. Осындай шарттардан сүрінбей өткен Есіл ауданынан келген Зейін Мұқиятқа “Көрермен көзайымы” аталымының жүлдесі табыс етілді. Қызылжар ауданының намысын арқалап келген Дамир Есболов жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Айыртау ауданының үміткері Таңнұр Әлбосынға екінші орын бұйырды. Ақжарлық Нұрқасым Хасенов бірінші орынға лайық деп танылса, бас жүлде облыстық филармонияның әншісі Ғалымжан Нұрпейісовке берілді.
Әлия БАЙКЕНОВА,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
Суретті түсірген автор.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.