«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИФТЕР АРЗАНДАДЫ

Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде коммуналдық төлемдерді төмендетуге қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған мемлекеттік мекеменің басшылығы, қызметкерлері, Петропавл қаласындағы монополист ұйымдар мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Департамент басшысы Жандос Ермағамбетов мекеменің атқарған жұмысы туралы әңгіме өрбітті.

– Өткен жылы “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының, “Нұр Отан” партиясы, жергілікті билік өкілдерінің, журналистердің қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы мәселелер талқыланған 8 қоғамдық қабылдау өткізілді. Тұтынушылардан келіп түскен өтініштер мен шағымдарға орай “Қызылжар су” және “Севказэнергосбыт” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне жоспардан тыс бірнеше тексеру жүргізілді. Нәтижесінде үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап “Қызылжар су” ЖШС-нің реттеліп көрсетілетін қызмет түрлеріне өтемдік тарифтер енгізілді, – деді Жандос Мүбаракұлы.

Жүзеге асырылған жұмыстардың нәтижесінде 14 табиғи монополия субъектісі бойынша 19 реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтердің бағасы төмендетілді. Осылайша, тұтынушылар қаражаты 1 миллиард 173 миллион 631 мың теңгеге үнемделді.

Биылдан бастап жылумен жабдықтау бойынша тариф бағасы 1,1 пайызға төмендетілді. Ал заңды тұлғалар үшін өзгеріссіз қалды. Сумен жабдықтау 8,6 пайызға арзандады. Ал газ үшін 1,6 пайызға аз төлейтін болдық. “Севказэнергосбыт” пен “Солтүстік Энерго Орталық” ЖШС-де тұрғындар үшін тарифтер көрсеткіші 9,3 және 6,8 пайызға төмендеді. Оған станцияда электр қуатының көтерме бағасын түсіру арқылы қол жеткізілді.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, лифт және пәтер иелері кооперативтері қызмет түрлерінің құны бес пайызға кеміген.

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp