Қазақстандық әйелдердің зейнет жасы тағы да ұлғайтылды. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59 жас болды. Зейнетақы заңнамасындағы ең маңызды өзгерістің бірі – әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен арттыру. Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 10 жыл бойы жыл сайын алты айдан артатын болады.
Өткен жылдың бірінші кезеңінде әйелдердің зейнеткерлік жасы 2017 жылмен салыстырғанда 6 айға ұзартылған. 2019 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасы тағы да жарты жылға ұзартылып, зейнетке шығу 59 жасты құрады. Осы үрдіспен әйелдердің зейнет жасын 2027 жылға дейін 63 жасқа ұлғайту көзделген.
2017 жылы зейнетақы тағайындауға өтініш білдірген әйелдердің 41 пайызынан астамында 1998 жылдың 1 қаңтарына жинақталған толық (20 жыл) еңбек өтілі болған жоқ, ал 2018 жылы зейнеткерлікке шыққан әйелдердің басым көпшілігінде еңбек өтілі толық болмады. Яғни ынтымақты зейнетақы бірте-бірте азайып келеді.
Мұндай жағдайда әйелдерге ерлермен қатар жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мүмкіндігін беру қажет. Бұл жинақтаушы зейнетақының ұлғаюына және оларға жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын зейнетақы мөлшерінің ұлғаюына, базалық зейнетақы үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің өсуіне мүмкіндік береді.
Сонымен бірге әйелдердің зейнетке ерте шығуы үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, бес және одан да көп бала туған, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасында зейнеткерлікке шығу құқығына ие. Бұл тұрғыда балаларды бағып-күткен уақыты зейнетақы тағайындауға арналған еңбек өтіліне қосылады. Екіншіден, Қазақстан Республикасының “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заңына сәйкес 1949 жылғы 29 тамыздан бастап, 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңде төтенше және ең жоғары радиациялық қауiптi аймақтарда тұрған әйелдер 45 жаста зейнеткерлікке шығады. Үшіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін зейнетақы аннуитетін сатып алу шартымен зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде 50/55 жаста зейнеткерлікке шығу құқығы сақталған.
Сонымен қатар бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жұмыс істемейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау жалғастырылуда.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақы мөлшері 7 пайызға артты. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдері, мүгедектiк және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылардың мөлшері 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс минимумының өсуіне байланысты жоғарылады.
№1 және №2 тізім бойынша мемлекеттік арнайы жәрдемақылардың, баланың тууына байланысты біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін бала күтіміне тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерлері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты көтеріледі.
Заңға сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
– айлық есептік көрсеткіш – 2525 теңге;
– күнкөріс минимумы – 29698 теңге;
– зейнетақының ең төменгі мөлшері – 36108 теңге;
– ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері – 16037 теңге болып белгіленді.
Кенжегүл ХАМЗИНА, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.