Келін мен ененің қарым-қатынасы мен өзара сыйластығы туралы жиі айтылып жүр. Жаңа түскен келінді қызындай қабылдап, аналық мейірімін көрсеткен енелер жайлы жазылған мақалалар аз емес. Отбасында ене ғана емес, даналықтың үлгісін көрсетіп, ұрпаққа өнегелі тәрбие беретін қайын атаның да алатын орны ерекше.
Ата-анам бізді қырық үйден тыйым салып, бір әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы ретінде тәрбиелеп өсірді. Жасұланмен танысқанда жасым 18-де ғана болатын. Маған деген сыйластығына, шынайы көңіліне, адалдығына, ақкөңілділігіне ғашық болып, үйлену туралы ұсынысын қабыл алуды жөн көрдім. Қазақы салт-дәстүрмен шаңырақ көтеріп, үлкен өмірге бірге қадам бастық. Әке-шешемнен, туғандарымнан жырақтағы бөтен үйге келгенімде, атам Сайлау Жылқайдарұлы мен енем Ботагөз Молдажанқызы жылы қабақ танытып, қыздарындай қабылдағаны, мейірімдерін көрсеткені маған үлкен демеу болды. Ол кезде алпысты алқымдаған қайын атам ауыл арасында үлкен абыройға ие, көпті көрген ақсақалдардың бірі болатын. Тағдыр талайында қиындыққа тап болған адамдар атамның ақылына жүгінетін.
Бірнеше жыл бойы ата-енеммен бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрдік. Дүниеге екі ұл мен бір қыз әкелдім. Немерелі болғандағы үлкендердің қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған ата-енем немерелерінің саналы, ақылды болып өсуіне көп еңбек сіңірді. Мейірімге бөледі.
Өкінішке қарай, бақытты отбасылық өміріміз ұзаққа созылмады. Орда бұзар отыз жасында отбасымыздың тірегі, балаларымның әкесі, Құдай қосқан қосағымнан айырылып, шаңырағымызда қайғылы оқиға орын алды. Бұл бізге ауыр соққы болды. Амал жоқ, тағдырдың жазуына көніп, балаларым үшін өмірдің қатал сынына шыдап, қиындыққа қасқайып қарсы тұрдым. Алайда, қайғының бұлты сейілмеді. Қайын енем де аурушаң кісі болатын. Жасұлан көз жұмғаннан кейін ол кісі сал болып қалды. Біршама уақыт енемді бағып-қақтым. Көп ұзамай қайын енем де қайтыс болды. Дегенмен, бұл жағдайлардан кейін де балаларымның аталарының ақыл-кеңесіне, даналығына, мейірім-шапағатына бөленіп өскенін қалап, қарашаңырақтың түтінін өшірмеуді жөн көрдім. Әрқашан “Сендер менің баламның аманатысыңдар”, – деп мені туған қызындай көрген қайын атам қамқорлығын аямай, бала-шағамды тәрбиелеп оқытуға, бүгінгі күнге жеткізуге қол ұшын созды. Кез келген сәтте ақыл-кеңесін аямай, қиналғанда тура жол көрсетті. Бүгінде атамыз сексеннен асты. Өмірде осындай жандардың барына шүкір.
Мәдина ЖЫЛҚАЙДАРОВА, Петропавл қаласының тұрғыны.