«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

Отбасын құру­ – адам өміріндегі ең маңызды оқиғаның бірі. Шаңыраққа ие болу ер-азаматтарға, бір ошақтың отын жағып, түтінін түтету нәзік жандарға жүктелген. Бала тәрбиелеу қажырлы еңбекті қажет ететіні ақиқат. Қазіргі жастар бала тәрбиесіне қаншалықты мән береді?

 

Отбасының қамымен жүріп, ата-аналар баланы тек материалдық жағынан қамтамасыз етуді міндет көреді. Оның қарны тоқ, көйлегі көк болса, сол жеткілікті деп ойлайды. Шындығын айтсақ, балаға ата-ана беретін рухани азық өте қажет. Санасы енді қалыптасып келе жатқан жеткіншектердің қажеттілігі өтелмесе, олар интернеттен, көшеден, не болмаса басқа жақтардан теріс тәрбие алуы мүмкін.

Жас отбасылар балаларының таңнан кешке дейін балабақшада уақыт өткізгендерін қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Ал үйге келген кезінде олардың ұзақ уақыт теледидар алдында отыруына шектеу қоймайды. Бүлдіршіндердің теледидардан тамашалайтын туындыларының басым бөлігін мультфильмдер құрайтыны анық. Олар көгілдір экраннан көргендерін шын өмірде қайталап, өздерін “Өрмекші адамға”, “Супермендерге”, “Бэтмендерге” балап, үй ішінде зыр жүгіріп жүреді. “Бала балалығын жасайды” деп, біз бұл әрекетке де көз жұма қараймыз. Тіпті, кейде өзіміз де оларды шабыттандырып қоямыз. Ал шынтуайтында баланың көңілін жат жұрттың мультфильмдері жаулауда. Қатыгездік, жауыздық пен қантөгіске толы сорақы туындылардың балаға жақсы тәрбие беріп, ақылды, үлкенді сыйлайтын, отанды сүйетін патриот болуына көмектеседі деп айту қиын. Осындай рухани жақтан ашығып бара жатқан балаларды көрген кезде, ата-әжеміздің ертегісіне сусындап өскен кезіміз ойға оралады. Біздер қайсар Қобыланды мен алып Алпамыс батырдан үлгі алғанбыз. Таусоғар, Көлтауысар, Желаяқ сынды ертегі кейіпкерлеріне еліктейтінбіз. “Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер” дегендей, қазақылыққа тән өнердің де сан түрін игеруде ата-әжелеріміз көп септігін тигізген. Ал қазіргі таңда бүлдіршіндерді айтқан тілді алмауға, қияңқылыққа итермелейтін “Том мен Джерри”, “Аю және Маша” атты мультфильмдер тәрбиелеуде. Сондықтан жас ата-аналар жұмысбастылыққа салынбай, ұрпақ тәрбиесін де естен шығармаса екен дейміз. Материалдық құндылықтан рухани тәрбиенің маңызы зор екенін түсінгенге не жетсін?! Өйткені, біздің болашағымыз – дүние-мүлік емес, саналы ұрпақ.

Алина НҰРТАЗИНА,Soltústіk Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp