Халқымыздың ұлттық тағамдарының алуан түрлілігі таңдай қақтырады. Солардың бірі – бүгінде ұмытыла бастаған көмбе тағамы. Астың бұл түрін бабаларымыз көбіне далада көшіп-қонып жүргенде немесе аң аулағанда, ыдыс жоқ жағдайда жерді қазып, жас етті қарынға салып дәмді етіп пісірген.
Көмбені дайындау тәсілі әр өңірде әр алуан. Оңтүстік және солтүстіктің қазақтары аталмыш тағамды “қарын көмбе” деп атайды. Аты айтып тұрғандай, көмбе асын дайындауда анау айтқандай еш қиындық жоқ. Жерді қазып, шұңқырдың бүйірі әбден қызғанша от жағылады. Қызған шұңқырдан оттың күлін алып тастайды. Тез арада жаңа сойылған қойдың немесе аңның етіне қажетті қоспалар араластырып, өз қарнына салып буады. Аузына қамыстан ұзын түтік жасап, әлгі қызған таба іспеттес шұңқырға салады. Қарынға қақпақ ретінде шұңқыр ішінен шыққан ыстық топырақты жауып, қайта көмеді. Топырақтың үстіне қызуы мол ағаштарды жағады. Қамыстан жасалған ұзын түтіктен будақтап бу шыға бастағанда, от жағуды тоқтатады. Дегенмен, қарын тағы 2-3 сағат бойы ыстық топырақ қойнауында өз буына өзі піседі. Дайын болған асты алу үшін топырақты еппен аршып, қарынның үстінгі бөлігіне жеткен соң, оны ойып жіберіп, ішіндегі етті алады.