
Әсел теңін тауып, тұрмыс құруға асықпады. Отызға таяп қалған ол қазір үлкендердің астарлап айтқан әңгімесінен қашқақтайды. “Қыз мұраты кету” демекші, әрбір нәзік жанның сүйікті жар, аяулы ана атануы табиғи заңдылық екенін туысқандар да ұғындыруға тырысып бақты. Жалғыз перзенттерін әлпештеп өсірген ата-ана қыздарының бақытына кедергі келтіргендерін кеш ұғынды. Өздері ерте жаста отау құрып, оқи алмағандықтан, қыздарының жұрт қатарлы білім алуын қалады. Сондықтан Әселдің санасына әуелі білім алу қажет екенін сіңірді.
Ата-анасының тілегін бұлжытпай орындаған бойжеткен жоғары оқу орындарының бірінде оқып, ұстаз болуды алдына мақсат етті. Филология факультетінің соңғы курсында оқып жүргенде сүйгенін кездестіріп, тұрмысқа шығу жайында ойлана бастағанды, анасы қарсылық танытты. “Сен әлі жассың. Әуелі оқуыңды бітіріп ал. Жұмысқа орналасып, бізге көмегіңді тигіз”, – деген аяулы анасының кесімді сөзінен ол әрі аса алған жоқ. Жүрдек пойыздай жүйткіген уақыттың қалай зымырап өткенін де аңғармай қалды. Осыдан кейін қолында күректей дипломы болса да, қосымша заңгерлік мамандықты игеріп, магистратураны да бітірді. Кейін ауылдағы ата-анасын қалаға көшіріп алудың қамына кірісті. Өзге құрбы-құрдастары сияқты ақшаны оңды-солды жұмсауды доғарып, біраз нәрседен өзін тыйды. Кейін де тәуір жігіттер кездесті. Бірақ беті бір қайтып қалғандықтан, ол өзінің теңін табуға тырыспады. Күйбің тірліктің қамымен жүргенде құрбыларының балалары мектеп оқитын жасқа да жетті. Әр адамның маңдайына біткен тағдыры, бақыты, несібесі болады десек те Әсел сияқты қыздар арамызда аз емес. Отырған қыз орнын таба ала ма?
Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облыста бала туу төмен екені айтпаса да белгілі. Бірақ облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Жанна Мауытова соңғы кезде егде жастағы келіншектердің босануы жиілегенін, сондай-ақ әйелдердің репродуктивті жасы 15-49 жасты құрайтынын айтты. Сондықтан дәрігерлер қыз-келіншектерге уақытты өткізіп алмай, ана атану мүмкіндігінен айырылып қалмауға кеңес береді.
Өткен жылдың тоғыз айындағы көрсеткіш бойынша өңірімізде 2778 неке тіркеліп, 1605 жұп ажырасып үлгерген. Сондай-ақ, 5435 бала дүниеге келсе, 4950 адам қайтыс болған. Көріп отырғанымыздай, өлім-жітім салдарынан табиғи өсім аз.
Облыстық статистика департаментінің бас маманы Сәния Жақыпованың айтуынша, 2017 жылы некеге тұрған ерлі-зайыптылардың орташа жасы 25-27-ні құраған. Қызмет, мансап қуып, отбасын құрмас бұрын жағдайын түзеп алуға асыққан кейбір жастардың мұндай бұрыс шешімі қоғамға өз әсерін тигізбей қоймайды. Отырған қыз орнын тапса да, дені сау ұрпақ дүниеге келуі екіталай емес пе? Ал “Тұрмысқа шыққым келмейді немесе өмірлік серігімді әлі кездестірген жоқпын” дейтін қыздардың көп айтатын осы ойы нені меңзейді. Әлде өмірлік жар болуға лайық жігіттердің сенім үдесінен шыға алмауы себеп пе? Бұл сауалға психолог мамандардың айтар өз жауабы бар.
– Қазір қыздар еразаматтарға тәуелді болғысы келмейді. Отбасындағы қиындықты, ұрыс-керісті көріп өскен бала ержеткен соң үйлі-баранды болуға асықпайды. Сол себепті, ерлі-зайыптылар өздерінің міндетін жауапкершілікпен атқаруы керек, – дейді психолог Алма Әубәкірова.
Пәтер алу, көлік міну сияқты материалдық жағдайды жақсарту да түптеп келгенде қыздардың отбасын құруға құлықсыздық танытуына себепкер. Бұған қарап қыздардың жігіттерге сенімдері азайғанын аңғарамыз.
– Уақыт алға жылжыған сайын сұраған адамдарға өзімнің жасымды айтудан қысыламын. Отыздан асқан соң көп жағдайға мән береді екенсің. Кейбір құрбыларымның отбасылық өмірде опық жеп, қиналғанын көргенде тұрмысқа шыққым келмей қалады. Бірақ бес саусақ бірдей емес қой. Бәлкім, менің пікіріммен кейбіреуі келіспеуі мүмкін, – дейді мақаламыздың басты кейіпкері Әсел.
Жасыратыны жоқ, қазір кейбір жігіттер де қыздардың тұрмыс жағдайына қарайды. Ал нәзік жандардың көпшілігі қиялға ерік беріп, ертегі әлеміндегідей керемет отбасын армандайды. Біз періште емес, пендеміз. Кемшіліксіз адам болмайды. Сондықтан өзіміздің пенде екенімізді ескермей, мінсіз жігітті іздейтін бикештердің құлағына алтын сырға. Әрине, кінәні біреуден іздеп, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Дер кезінде отбасылық бақытқа қол жеткізе алмаған нәзік жандардың тағдырын талқыға салу әбестік болар. Бірақ бәрі де өз орнымен болса екен дейсің. Дүниеге адам болып келген соң, отбасын құрып, ұрпақ өрбіту парыз. Еліміздің басты капиталы – адам және оның өмірі. Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты, босағасы берік болуы үшін шаңырақтың шаттығы да маңызды екенін ұмытпауға тиіспіз.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.