
Алмат ақсақал бейуақытта безілдей жөнелген телефонға лезде жетті. Қоңырау шалып жатқан келіні екен:
– Ата, тезірек жетіңіз, немереңіздің дене қызуы көтеріліп, түні бойы ауырып шықты. Бастығымнан сұрана алмаймын, жұмыс шаш-етектен, – деді телефонның ар жағынан.
Зайыбы Алманың өмірден озғанына бір жылдан асты. Еразаматқа өмірдің бел ортасына келгенде жалғыз қалудан асқан азап жоқ екен ғой. Бәйбішесінің орны ойсырап тұр. Асыл жарынан айырылғаннан бері еңсесі, тіпті, езіліп жүр. Әсіресе, келіннің бала бақтырып, жөргек жудырып қойғанына намыстанады. Ренжитін жөні бар. Әйелі тірі болса, мұндай қорлыққа төзер ме еді?!
Іштегі өкпе-реніші бұрқ-сарқ қайнап жатса да, келіннің бұйрығын екі ете алмайды. Тездетіп такси шақырып, қалаға тартты. Облыс орталығының іргесіндегі Прибрежный ауылынан Қызылжарға автобус уақыт оздырмай жүріп жатады. Бірақ оны тосуға мұршасы жоқ.
Көлік ішінде де сағынышқа айналған сағым күндерді ойлады. Алма, жарықтық, жақсы адам еді ғой. Кішіпейіл мінезімен ауылдың үлкен-кішісіне жақты. Дастарқаны да бір жиналмайтын. Шаңырақтың шырайы – әйел адам. Соңғы кездері Алма туралы жиі ойлайды. Қас-қабағын бағып, жылы-жұмсағын аузына тосып, жанашырлық танытып отыратын. Иә, тағдырдың жазуы. Қолдан келер қайран бар ма?!
Бәйбішесі екеуі ұл-қызды қатарынан кем қылмау үшін жандарын жеп жұмыс істеді. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да балалар тамақтан тарықпасын, киімнен зарықпасын деп бір аянған жоқ. Ал енді міне, ұлды үйлендіріп, қызды ұзатып, қызық-қуанышқа кенелеміз деген сәтте сопайып жалғыз қалды. Қазіргі жастар өзімшіл ғой, әке көңіліне кірбің, жүрегіне қаяу салмайық деп бір ойламайды. Оларға бұл бала күтушісі секілді, кішкентайлары ауырып-сырқағанда ғана іздейді. Өткен-кеткенді ойлап отырып, “Уһ” деп күрсінгенін де аңғармай қалды. Таксиді тізгіндеген жігіт қазақ екен. Ақсақалдың жабырқаған жүзіне қарап, “Ағасы-ау, қатты күрсіндіңіз ғой”, – деді.
– Немереме суық тиіп, соған асығып барамын, – Алмат ақсақал, ескі жараның бетін тырнамайын деген оймен жауабын қысқа қайырды.
– Халқымыз “Бала өскенше, немере өлгенше”, – дейді ғой. Жастарға көмектесу керек. Бірақ қазіргі ата-әжелерді түсінбеймін. Келін-балаларын бөлек шығарып жібереді де, кейін табандарынан тозып, жүгіріп жүреді. Басынан бастап бірге тұрмағаннан кейін бала да жат бауыр, келін де салқын, тіпті, немерелер де бөтен болып кетеді ғой.
Жүргізушінің сөзін елемеген сыңай танытып, үнсіз қалды. Бірақ оның ойын құптайды. Ұлдары бір шүйкебасты жетектеп, үйге алып келгенде қартайып тұрғанымыз жоқ деп, еншілерін беріп, бөлек шығарып жіберді. Ал енді бүгін соның зардабын тартып отыр. Балалары қарашаңырақтың түтіні өшпесін, ошағы сөнбесін деп бас қатырып жатқан жоқ. Ал бұл болса буынып-түйініп қалаға көшіп келейін десе, өз үйінің босағасын иесіз тастап кетуге, Алманың әруағынан аттай алмайды.
Иә, өмір-ай, десеңші!
Айгүл ЫСҚАҚОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.