«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК ШЫҚҚАНДАР

Кеше Оқушылар сарайында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жастарды оқуға ынталандырып, дарынды балаларды іріктеуді көздейтін білім додасына 9-11-сыныптардың 500-ден астам оқушысы қатысып, 223-і жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде 108 оқушы – үшінші, 74 шәкірт – екінші, ал 41 бала бірінші орынды иеленді. Білім бәсекесіне қатысқандардың дені петропавлдық оқушылар.

Сәйкесінше, жүлделі орындардың басым бөлігі қала мектептерінің шәкірттеріне бұйырды. Облыс орталығы мектептеріндегі 129 оқушының 86-сы жақсы нәтиже көрсетті.

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернаты өткен жылғы көрсеткішін қайталап, жүлделі орындар саны бойынша алға шықты. Гимназия оқушылары 32 жүлделі орынды иеленсе, оның 11-і – бірінші орындар. Білім ордасы қоғамдық-гуманитарлық бағытты ұстанғанымен, жаратылыстан-уматематикалық пәндер бойынша да жеңіске жетіп отыр. “Білім-инновация” лицейінің үздік атануына небары екі жүлделі орын жетпей қалды. Сол сияқты “БЭСТ” гимназиясы мен бірінші қалалық жалпы білім беру лицейінің де жүлде қоры мол. Ал ауылдық мектептер бойынша Есіл ауданының командасы үздік деп танылды, оларда 11 жүлделі орын бар.

Білім сайысында үздік нәтижеге қол жеткізген оқушыларды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет марапаттады.

– Мемлекеттің интеллектуалдық және шығармашылық даму көрсеткіші – дарынды жастар. Еліміздің болашағы білімді, намысшыл ұрпақ қолында болса, абырой-беделіміздің асқақтай түсері сөзсіз. Биыл – “Жастар жылын” табысты бастап отырсыздар. Мұндай жеңістер үлкен армандардың орындалуына жол бастайды, – деді ол.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры Ақмарал Ыбыраева, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Сергей Ткаченко да жүзден жүйрік атанған жастарға жылы лебіздерін жеткізіп, дипломдар мен сертификаттар табыстады. Шәкірттерін жетістікке жетелеген мұғалімдердің еңбегі де еленбей қалмады. Ұлағатты ұстаздарға облыстық білім басқармасының Алғыс хаты табыс етілді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp