«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҮТ ӨҢДЕЙТІН КООПЕРАТИВ

Смирново тұрғындары Евгений Данько мен Ермек Тәжібаев өткен жылы қосалқы шаруашылықтардан сүт жинайтын кооператив құрған болатын. Олар алғашында жинаған сүтін Лесное ауылында орналасқан “Ростан” ЖШС-нің сүт өңдейтін цехына өткізіп тұрған.

– Жаңа құрылымды дамыту үшін бізге бұл тиімсіз болды. Кооперативтің жұмысын кеңейте түсу қажеттігін жақсы түсіндік. Тұрғындардан жинаған сүтті неге өзіміз өңдемейміз деген оймен бұрын-соңды айналысып көрмеген жаңа бір іске білек сыбана кірісіп кеттік, – дейді Евгений Данько.

Жеке кәсіпкерлер биыл шағын ғимарат тұрғызып, оны Ресейдің Ижевск қаласынан әкелінген сүт өңдейтін заманауи қондырғылармен жабдықтаған. Бүгінгі күні олар 1 литрлік қаптамада сүт, полиэтилен қорапшаларда май, қаймақ, ірімшік шығаруға қол жеткізіп отыр. Аудандағы жеті округтің қосалқы шаруашылықтарынан сүттің 1 литрін 90 теңгеге сатып алады. Өңделген сүттің литрі 180 теңгеден саудаға шығарылады.

– “Мол ТД” АӨК” деп аталатын өндірістік кооперативімізде тәулігіне 1-1,5 тонна сүт өңделеді. Цехымыздың жалпы қуаттылығы – 5 мың тонна. Экологиялық таза болғандықтан, өнімдеріміз сұранысқа ие. Сүтіміз бес тәулікке дейін бұзылмай, сақталады. Аудан орталығындағы сауда орындарына күн сайын жарты тонна өнім жөнелтеміз. Бүгінгі күні алты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар айына 70-80 мың теңге еңбекақы алады. Алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді кооператив басшылары.

Евгений Даньконың айтуына қарағанда, биылғы тамыз айына дейін сүт өнімдерін ұқсататын кәсіпорындарға шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан демеуқаржы беріліп келген. Енді ол тоқтатылған көрінеді. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта осы мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ескерілсе, қайта өңдеу кәсіпорындарына демеуқаржы ретінде қолдау көрсетілсе деген ойын да жасырып қалмады.

Нұрсайын ШӘРІП,

журналист.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp