Бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Бұл үшін өрендерге жақсы білім, тәлімді тәрбие берудің маңызы зор. Ал оқыту сапасына мониторинг жүргізудің тәуелсіз түрлерінің бірі – жетістіктерді сырттай бағалау.
Бұл тәсілді әлемдегі көптеген елдер пайдаланатынын ескерсек, білім беру сапасын бағалаудағы тиімді әдістердің бірі ретінде қарастыруға әбден болады. Мәселен, Ұлыбританияда 7, 11 және 14 жастағы оқушылар жыл сайынғы тестілеуден өтеді екен. Италияда әр екі жыл сайын 2, 4, 6, 8, 12 және 13-ші сынып оқушыларының академиялық жетістіктері іріктеліп, мониторинг жүргізіледі. Францияда әрбір оқу жылының басында 3 және 6-сынып оқушылары үшін міндетті түрде математика және тіл бойынша жалпыұлттық диагностикалық тестілеу жүргізілсе, АҚШ-та 3-8-сынып оқушылары математика және оқудан білім деңгейі бойынша жыл сайын тестілеуге қатысады.
Біздің елімізде оқу жетістіктерін сырттай бағалау 2012 жылдан бастап қолға алынды. Оқушылардың оқу бағдарламаларын меңгеру деңгейін анықтау осылайша жүзеге асырылуда. Осы жылдар аралығында оқу жетістіктерін сырттай бағалау тәсілі жергілікті 300-ден астам білім беру ұйымында жүргізіліп, 12 мыңға жуық оқушыны қамтыды. Бұл аралықта бағалау тәртібінде өзгерістер де орын алды. Егер 2012-2015 жылдары бағалауға тек тоғызыншы сынып оқушылары қатысса, 2016 жылы оларға 4-сынып қосылды. Ал биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу форматының өзгеруіне байланысты 11-сынып оқушылары да сырттай бағалау рәсіміне қатысатын болады.
Биылғы оқу жылында 4-сынып оқушылары тестілеуді қағаз түрінде тапсырды, яғни әр оқушы сұрақ кітапшаларын алып, жауаптарды бланкіге жазды. Ал 9 және 11-сынып оқушыларының білімі онлайн режім арқылы бағаланады. Тест тапсырмаларына бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларына сәйкес материалдар енгізіледі. Бағалау қорытындысы бойынша облыстағы 4-сыныптар орташа – 19,00 (елімізде 19,97), 9-11-сыныптар – 31,01 (38,67) және 56,78 (63,84) ұпайды иеленді.
Дулат ӘУЕЛБЕКОВ, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің бас маманы.