Бұрынырақта ауыл жастары қалаға жұмыс іздеп ағылатын еді. Соңғы жылдары керісінше, туған жерде несібесін еңбектен тапқандардың саны көбейіп келе жатқаны қуантады. Мен де сол жастардың бірімін.
Біз 2003 жылы отбасымызбен Өзбекстаннан Жамбыл облысына көшіп келдік. Т.Тастандиев атындағы орта мектепті тамамдаған соң “Серпін” бағдарламасымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Жоғары оқу орнын қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылына ат басын бұрдым. Қиялшыл қыз үш ұйықтаса түсіне кірмеген шағын ауылдағы орыс тілді мектептің мұғалімі болады деп кім ойлаған?
Өмірде сәттілік пен сәтсіздік алма- кезек екені шындық. Мен бакалавриаттан соң оқуымды одан әрі жалғастырғым келді. Ол үшін енді бастаған қызметімнен бас тартуға тура келді. Магистратураға құжаттарымды дайындап, емтихан тапсырып едім, жолым болмады. Содан кейін жұмыс іздедім. “Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін”, – деп Ақтамберді жырау жырлағандай, мен де талаптану қажеттігін түсіндім. Нәтижесінде өңіріміздегі мектептердің біріне мұғалім болып жұмысқа орналастым.
Жаңа орта. Жаңа бастамалар. Жаңа өмірге қадам. Зор жауапкершілікті талап ететін мамандық мені еш жалықтырған емес. Керісінше, еліміздің болашағы саналатын ұрпаққа сабақты қызықты өткізу үшін тың әдіс-тәсілдерді іздеудемін. Өрімдей жеткіншектердің өзімді үлгі тұтып, жүріс-тұрысыма, киген киіміме дейін қалт жібермей, қызыға қарайтынын байқаймын. Яғни, өрендер ұстаздарына қарап бой түзейді.
Жазушы-драматург Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, қазіргі заманда кейінгі толқынға “нені оқыту” емес, “қалай оқыту” маңыздырақ болып отыр. Оқушылардың бойында еркін сөйлеу, өз ойын анық жеткізу дағдыларын қалыптастыру қажет. Сондықтан мектепке жұмысқа орналасқан жас мамандар бойдағы бар жастық жігерін, күш-қуатын, жаңашылдығын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жұмсауы қажет. Бұл үшін ауылда жас мамандарға қолдау бар. Екі қолға бір күрек іздеп, ат басын ауылға бұрған жастардың ондағы тіршілікке жаңа леп әкелетіні белгілі.
Мария МАХАМАДЖАНОВА, Меңгесер орта мектебінің мұғалімі.
Мамлют ауданы.