
“Балам балабақшаға барғаннан бері басқа тілде сөйлейді”. Қай танысыңнан сұрасаң да, барлығы осы мәселені алға тартады. Үйдегі қазақтілді бала балабақшадан орысша сөйлеп келетінін өзіміз де аңғардық. Бастапқыда мән бере қоймаған едік, мекеме директорының өзі ата-аналарға арнап өткізген жиналысында бала тәрбиесіне қатысты ойларын орыс тілінде жеткізген кезде мәселенің мән-жайы түсінікті болды.
Жиналыстан шығып, немересін ала кетпек ниетпен топқа кірген қария балаларын киіндіріп жатқан ата-аналар да, есік түбінде тұрған тәрбиешілер де естісін деді ме екен, дауысын қаттырақ шығарып: “Балабақшаның атауы ғана қазақша. Қазақ тобындағы жиналыстың орысша өткені не сұмдық?! Тәрбиешілер де балалармен орысша әңгімелеседі. Берген тақпақтардың ұйқасы да, мәнді мағынасы да жоқ. Осылайша, сәби санасына орысшадан шала-шарпы аудара салған шатпақ тақпақтарды сіңіріп жатырсыздар. О, тоба!” – деді де, жауап күтпестен, есікке қарай беттеді. Әңгіме ауанынан бейхабар бүлдіршіндер көгеннен босаған қозыдай жамырап, аналарына күні бойы не істегендерін орысша жарысып айтып жатыр. Қарияның уәжімен келіспеске лаж жоқ. Топтағы отызға жуық баланың дені орысша сөйлейді. Демек, балалар отбасында да өз ана тілінде қарым-қатынас жасамайтыны анық. Балабақшада да тәрбиешілер орысша сөйлесетін болса, бала туған тілінен мақұрым қалмақ. Ал тілін білмеген бала түгін де білмейді деген сөз. Тәрбиеші әр баланың бір-бірімен қарым-қатынасына мән беріп, өзге тілді араластырмауына ықпал жасамаса, балабақшаның қазақша болғанынан не қайыр?!
Балабақшада бірнеше жыл еңбек еткен Әсем Амринаның осы мәселеге қатысты өз уәжі бар. “Әр үйдің айналып-толғанған еркесінің тілін тауып, тәртіпке үйретіп, білім беріп, оларды мектепке даяр етіп шығару оңай іс емес. Әрі ата-аналар баламен үйлерінде орысша сөйлесіп, тәрбие негіздерін бере алмаса, тәрбиешілердің жұмысында нәтиже болмайды. Өзім бірнеше бала-бақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істедім. Балаларды тамақтандырып, төсек-орындарын, киім-кешектерін ауыстырып, бөлме тазалығына жауап беріп, басқа да ішкі жұмыстарды ұйымдастыруға қолғабыс еткенім үшін айына 30 мың теңге алатынмын. Тәрбиешілердің тапқан табысы жүктемесіне сай деуге келмейді. Ұлт болашағы бала-бақшадан басталады десек, келешекті қалыптастыратын тәрбиешілердің еңбекақысын көтеру мәселесіне де көңіл бөлу қажет. Әзірге балабақша қызметкерлерінің еңбегі еш, тұзы сор болып отыр”, – дейді ол.
Ғаламтор дерегіне сүйенсек, Еуропа елдерінде балабақшаға орналасатын үміткерлер іріктеуден өтіп, 1 орынға 10 адам таласадымыс. Себебі, онда тәрбиеші беделді мемлекеттік қызметкерге жатады, соған сәйкес мәртебесі мен жалақысы да жоғары. Біздің елде көп жағдайда бала-бақшаға кәсіби даярлығы төмен мамандардың жұмысқа орналасатыны жасырын емес.
Тілі жаңа шығып, аяғын енді басқан бүлдіршінді орыстілді ата-ана, тәрбиешілермен қоса, қазақша “сөйлемейтін” телефон тәрбиелеп отыр. Көршім 3 жасар баласының ағылшынша сөздерді үйреніп алғанына риза. “Іштен оқып туған” деп, таңданысын жасырмайды. Орысшасы былай тұрсын, ағылшынша сайрайтын ақылды құралға аузынан уыз сүті кеппеген сәбилердің барлығы тәуелді болды да қалды. Ал орысша ойнаған баланың орысша ойлайтыны бесенеден белгілі. Оның денсаулыққа тигізер кері әсері өз алдына, алақанға ғана сиятын құрылғының қазақша “сөйлемейтін”, яғни ана тілінде ойламайтын, ұлттық құндылықтардан ада, тәлім-тәрбиесі таяз, батыстың теріс пиғылын санасына сіңіріп, өзге тілде сайрайтын ұрпақты өсіріп, осылайша ұлт болашағына қауіп төндіріп жатқанын бір сәт ойласақ, жаның ауырады.
Шетелдік ғалымдар баланың тілі 12 жасына дейін қай тілде шығатын болса, сол тілде сөйлеп өтетінін анықтаған екен. Көптеген дамыған елдерде бала ес біліп, ақ пен қараны ажырататын жасқа жеткенше өзінің ана тілінде ғана білім алады, өз туған тілін толықтай меңгеріп алмайынша, оның санасын басқа тілмен уламайды. Біздің елімізде мектеп түгіл, балабақшада да ағылшын қаріптерін жаттатып, сандарды санауға үйретіп жатыр. Дұрыс-ақ. Тек ағылшынша мүдірмей сөйлеп, туған тілін білмей жатса, ондай білімнің құны – көк тиын. Өзге тілде сауатын ашып, білім алған балаларда қазақы болмыс жоқ. Ұлттық салт-дәстүрден де хабарсыз, ділі де бөлек. Бүгінгі күннің бұлтартпас шындығы осы. Мұстафа Шоқай: “Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді”, – деген екен. Туған тілін білмесе де, өзге тілді жетік меңгерген бала қазаққа қызмет қыла ма, өзге елден үшін еңбек ете ме?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселесіне қатысты пікірін білдірген болатын. “Бұл – өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек”, – десе, “Egemen Qazaqstan” және “Aıqyn” газеттеріне берген сұхбатында: “Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады”, – деді. Яғни, бала тәрбиесі бүгінгі күні жеке отбасының не болмаса баласына жат тілде сөйлеуді өз шаруам деп білетін кейбір ата-ананың жеке мәселесі емес. Ол – мемлекет, ұлт болашағы дейтін ұғымдардың бір бөлшегі. Осыны әрбір қазақ түсініп, ұрпағының ертеңін жоғары қойса, сәби құлағына ана әлдиімен тек ана тіліндегі сөздер сіңіп, бала былдырына ұласса, балабақша тәрбиешілері тіл мәселесіне ерекше мән берсе, бүгінгі қазақ тілінің бір мұңы кем болар еді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ, “Soltústik Qazaqstan”.