
Облыстық полиция департаменті тіркеу-емтихан алу бөлімінің қызметкерлері жыл басынан бері тіркеу және көлікті қайта тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру бойынша 21 395 мемлекеттік қызмет көрсетті. Көлік басқару құқығын 5 219 адам иеленсе, олардың 702-сі жүргізуші куәлігін алғаш рет алып отыр. Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің 5 148 жиынтығы берілген, оның 27-сі аса сұранысқа ие болып табылады.
— Мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту оның азаматтарға қолжетімді болуына және оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған, — дейді тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Сергей Гизбрехт. – Қазір аудандарда халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашып жатырмыз, соның арқасында ауыл тұрғындары жүргізуші куәлігін алу және өз көліктерін тіркеу үшін облыс орталығына келуге мәжбүр болмайды. Бүгіндері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары Тайынша мен Булаев қалаларында, Явленка ауылында жұмыс істейді. Екінші тоқсанда Ғабит Мүсірепов атындағы және Шал ақын аудандарында осындай орталықтар ашылмақ.
Үстіміздегі жылы 877 мемлекеттік қызмет қашықтықтан көрсетілді. Ал 677 солтүстікқазақстандық жүргізуші куәліктерін «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық-цифрлық қолтаңбаның көмегімен алды. 200 адам көліктерді қайта сату кезінде оларды тіркеуге қойған немесе тіркеуден шығарған. Бұл қызметтерді пайдалану үшін электрондық-цифрлық қолтаңба мен мемлекеттік баж салығын қашықтықтан төлей алу мүмкіндігі болуы жеткілікті.