
Мекеме жұмысын электронды жүйеге көшіру – бүгінгі таңда кез келген парақорлықтың алдын алудың тиімді тәсілдерінің біріне айналып отыр. “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жұмысын жүзеге асыру аясында облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет пен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко №3 қалалық емханада болып, емдеу мекемесіндегі тың технологияларды қолданысқа енгізу барысымен танысты.
Емхананың ұйымдастыру-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Марианна Нижегородованың айтуынша, бұл мекеме өңіріміздің денсаулық сақтау саласын цифрландыруды алғаш болып қолға алған. Мұнда 70 мыңнан астам адам тіркеуде тұрса, оның 20119-ы – бала. Күнделікті медициналық көмекке жүгінетін жүздеген азаматқа 82 дәрігер қызмет көрсетеді. Мамандардың қабылдауына жазылу сандық жүйе бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл жерде өткен жылдан бері қанатқақты режімде “Электронды тіркеу” қызметі жұмыс істейді. Емделушілердің уақытын үнемдеп, қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған жаңашылдыққа тұрғындар дән риза. Өйткені, олар бұрынғыдай ұзын-сонар кезектен құтылды. Науқас терминалдың көмегімен дәрігердің жұмыс уақытын алдын ала біліп, электронды кезекке тұра алады.
Терминалдың жұмысына қаныққан Мадияр Қожахмет денсаулық сақтау мекемелеріне ақылды технологияларды енгізудің артықшылығы мол екенін жеткізді.
– Сандық жүйеге көшу дәрігерлер мен емделушілердің арасындағы кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Емханада тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Бұл мақсатта бағдарлама жасаушылар жаңа технологиялар енгізіп, көпшілікпен кері байланыс орнатуға септесуде. Нәтижесінде енгізілген цифрландыру тетіктері “086” анықтамасын, еңбекке жарамсыздық қағазын алу кезінде бармақ басты, көз қысты әрекеттердің орын алуына жол бермейді, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Емхана жұмысын жеңілдеткен жаңашылдықтың бірі – “SKOmed” қосымшасы. Арнайы тапсырыспен IT-мамандары әзірлеген заманауи жүйе арқылы тұрғындар дәрігердің қабылдауына жазылып қана қоймай, үйге шақыртып, қажетті дәрінің қандай дәріханада бар екенін біле алады. Бұл үшін қосымшаны ұялы телефонға жүктеп алу керек. Мұнда жеке кабинетке кіру арқылы сараптаманың нәтижесін қарау мүмкіндігі де қарастырылған. Бүгінгі таңда 6 мыңнан астам тұрғын бұл жаңашылдықтың игілігін көруде. Алдағы күндері солтүстікқазақстандықтар қосымшаның көмегімен медициналық қызметтер мен емхана мамандарының жұмысын бағалаудың мүмкіндігіне ие болады. Атап айтқанда, әрбір дәрігер кабинетінің жанына ілінген жеке “QR код”-ты қосымшамен сканерлеудің арқасында дәрігер жұмысының жылдамдығы мен сапасы 5 балдық шкаламен бағаланады. Бұл емханадағы көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústik Qazaqstan”.