
Өткен жылдың соңында өңірімізде “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі ашылған еді, оның мақсаты сыбайлас жемқорлық деңгейін азайту, қоғамдық кеселге қарсы көзқарасты қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру болып табылады. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің есепті кезеңде атқарған жұмысы күн тәртібіне қойылды.
Алқалы жиынға өңір басшысының орынбасарлары, тікелей байланыс режімінде аудан әкімдері, облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Әкімдік отырысы жаңа тағайындаумен басталды. Өңір басшысы жиналғандарға мемлекеттік сәулет-құрылыс және лицензиялау басқармасының басшысы болып тағайындалған Батырбек Құрманханұлы Қалабаевты таныстырды.
“Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостина әкімдік отырысына қатысушыларды есепті кезең ішінде атқарған жұмыс барысымен таныстырды. Біздің өңірде бұл кеңсенің жұмысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және мемлекеттік қызметтердің ашықтығына қол жеткізу, қоғамдық бақылау орнату, қолданыстағы заңнамаларды құрметтеу мәдениетін қалыптастыру бағыттарында жүргізілуде. Баяндамашы олардың әрқайсысына жан-жақты тоқталып, атқарылған іс-шараларды тілге тиек етті.
“Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің бастамасы шеңберінде ауруханаларда электронды кезек енгізілуде, бірқатар мемлекеттік органдарда келушілер үшін ыңғайлы фронт-офистер ашылуда, олардың басшыларының жұмыс кабинеттерін бірінші қабатқа көшіру жүргізілуде. “Адал азамат – жарқын болашақтың кепілі” акция-марафоны ұйымдастырылуда.
– Былтыр ашылған “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі аз уақыт ішінде бірқатар игілікті істерді атқарып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нәтижелілігін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзінің жалғасын табуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы. – Ол үшін тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашықтығына барынша қол жеткізуіміз тиіс. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін автоматтандыру, оларды электронды форматқа көшіру бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне септігін тигізері анық. Сонымен қатар нысандарды жөндеу мен құрылыс жұмыстарына депутаттық корпус, қоғамдық ұйымдар, тұрғындар бақылау жүргізуі қажет. Олардың әрбір ұсыныс-тілегіне басшылар жауап беруі керек. Аудан әкімдері өздерінің жеке парақшасын ашу арқылы әкімдік қызметінің ашықтығына қол жеткізуі тиіс. Интернет-ресурста мемлекеттік сатып алуды кімнің жеңіп алғанын жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін көрсету қаржының қандай мақсатта жұмсалып жатқанына жұртшылық тарапынан бақылау орнатудың бір жолы болмақ. Мұндай іс-шаралар мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың, тұрғындардың оған бақылау орнатуының тиімділігін көрсетпек.
Облыстық әкімдік отырысында қаралған екінші мәселе санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау болды. Бұл мәселеге облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Серікбай Қасмақасов жан-жақты тоқталды. Облысымызда 2018-2020 жылдарға арналған қоғамдық денсаулық сақтаудың ведомствоаралық кешенді жоспары жасалған. Онда тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың сегіз бағытты қамтитын негізгі мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Бүгіндері облыс аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Есепті кезең ішінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жұқпалы аурулардың таралуына жол берілген жоқ. Соңғы жылдары санитарлық мәдениеттің төмендігінен және қоғамдық моншаның тапшылығынан тұрғындардың педикулезге шалдығуы азаймай отыр. Туберкулезбен ауыратын адамдардың саны 4,5 пайызға азайғанына қарамастан, республика бойынша біздің өңір екінші орында тұр. Сырқаттардың медициналық қызметтің сапасына арыз-шағымы Аққайың, Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда, №2 қалалық емханада, облыстық перинаталдық орталықта, жеке емханаларда жиі кездеседі. Тексеріс нәтижесінде медициналық ұйымдардың 25 басшысы мен маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Баяндамашы білім беру мекемелеріндегі санитарлық талаптың сақталуына кеңінен тоқталды. Әсіресе, ауыл мектептерінде оқушыларды ыстық тамақпен, сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде, олардың денсаулығын сақтауда шешімін күткен мәселелер аз емес.
– Тұрғындардың медициналық қызметтің сапасына шағымдануы денсаулық сақтау мекемелеріндегі жұмыс сапасының төмендігін көрсетеді. Әр шағымның сыртында адам тағдыры тұрғанын естен шығармауымыз керек. Тиісті органдар бұл мәселені ұдайы бақылауда ұстауы қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов. – Аудан орталықтарында қоғамдық моншаның болмауы ешқандай қисынға келмейді. Жуық арада Мамлютка қаласында, Явленка, Кішкенекөл, Пресновка ауылдарында, мүмкіндігіне қарай басқа да ірі елді мекендерде қоғамдық монша ашуды ұйымдастыруды аудан әкімдеріне тапсырамын. Тұрғындардың денсаулығын сақтау ісінде барлық жұмыстар маңызды болып саналады.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Рамиль Камалов көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында баяндады. Облыс аумағындағы көлдердің су деңгейі төмендеп, жағдай тұрақталған. Елді мекендерді су басқан жоқ. Сергеевка су қоймасындағы жағдай қатаң бақылауға алынған. Су қоймасынан ағызылған су алдағы оншақты күнде Петропавл қаласына жетеді, сондықтан қосымша бақылау бекеттері орналастырылған.
Әкімдіктің отырысын қорытындылаған өңір басшысы Құмар Ақсақалов күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталып, билік органдары жауапкершілікті арттыруы қажеттігін атап көрсетті. Биыл көктем ерте келгендіктен барлық елді мекендерді абаттандыру, мекемелердің, тұрғын үйлердің, қоғамдық орындардың аумағын күл-қоқыстан тазарту, “таза бейсенбілік” ұйымдастыру қажет. Аудан, ауылдық округ әкімдеріне төтенше жағдайдың алдын алу үшін былтырдан қалған сабанды, шөпті өртеу кезінде қауіпсіздік шараларының сақталуын барлық агроқұрылым басшыларына жазбаша ескерту тапсырылды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.