
Ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жеріміз бола тұра, ауылда “мал жаятын жер жоқ” дегенді ақпарат құралдарынан да, өңір-өңірді аралаған кезде де жиі естиміз. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 220 млн. гектар болса, соның ішінде 187 млн. гектар – мал жайылымы.
Осы жерге қазіргі уақытта қолда бар 30 млн. мал басын қалай бақса да болар еді, алайда, бұл жайылымның 43 пайызы ғана қолданыста немесе 80 млн. гектары ғана игерілген. Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімдігі жыл сайын төмендеп барады. Салдарынан, қолданыстағы 80 млн. гектардың 27 млн.ы деградацияға ұшыраған. Мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан, ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Осыған байланысты зоогигиеналық ахуал шиеленісіп, мал ауруының көбеюіне әкеліп соқтыруда.
Мал жаюдың мәдениеті бар
1913 жылғы санақ бойынша елімізде жалпы саны 93 млн. мал тіркелген. Ал бүгіндері ауқатымыз артса да, жағдайымыз түзелсе де, мал-қорамыз көбейсе де, еліміздегі төрт түлік саны 30 млн.-ға жетер-жетпес. Мал басы өткен ғасырдың басында қазіргіден үш есеге артық болған. Оның себебі, жайылым жерді табиғатына сәйкес дұрыс пайдаланған. Арада бір ғасыр өтті, жеріміз тарылған жоқ. Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгіліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайылым жасаған. Мәселен, көктемгі жайылымның нақты бір аумағына дәрумен шөптер, дала гүлдері бүр жарғанда ғана шығады. Осы жерге мал қарасын 10 күнге ғана жайған. Қазіргі уақыттағыдай, жаздай бір жерді таптап мал қайырмаған, керісінше, ауыспалы жер технологиясын малдың ыңғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерекшелігі, жазда малды жусанды жерге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайылмайды, сондықтан мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Жайылым жерді жүйелі пайдалану тәртібін енгізу және мал бағу дәстүрін жаңғырту мақсатында, осы мәселені түбегейлі зерттеп, зерделеп бір топ Парламент депутаттары “Жайылымдар туралы” заң жобасын дайындады. Ол 2017 жылдың 20 ақпанында толық күшіне енді. Бұл заң бұған дейін өздігімен реттеліп келген жайылым мәселесінің ата-бабаларымыз қалдырып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көздейді. Мұнда жергілікті атқарушы биліктің тетіктері арқылы ұйымдастыру, жоспарлау, басқару жүйесіне қатысты іс-шаралар легі нақтыланған.
Алысқа бармай атқаратын іс
Заңның басты жаңалығы – еліміздің 2548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшелігін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескеріп, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар жасайды. Жоспарда ауыл округіндегі жайылымдардың көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлері, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жер иелерін анықтап, сол арқылы жайылымды, оны пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіреді. Жоспар жергілікті өзін-өзі басқару органында және аудандық мәслихаттың отырысында қаралып, бекітіледі. Бұл құжат әділет органдарында тіркеуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша, ауылдық округтердегі жайылым жерлерді игеруде әр өңірдің өз жоспарына сай заң нормалары жұмыс істейді. Заңға сәйкес жоспарды әзірлеуге әрбір жайылым пайдаланушы қатыса алады. Жоғары мемлекеттік органдарға, министрліктерге немесе Үкіметке алаңдаудың еш қажеті жоқ, барлығы жергілікті жерде, яғни ауылдық округ және аудан әкімдіктерінің құзыретінде толыққанды қарастырылған. Егер елді мекендердің аумағында жайылым жетпей жатса, онда ауыл округінің шегінде беріледі. Бұл мәселе аудан әкімінің шешімімен жүзеге асады. Сол сияқты жер аудан көлемінде жетіспей жатса, бұл мәселе облыстық деңгейде шешіледі, қолданыстағы заңымыз оған мүмкіндік береді. Яғни, ауданаралық мәселелерді облыс әкімдерінің араласуымен, ал облысаралық жайылымның түйіні уәкілетті органның ұсынысымен Үкіметтің атсалысуымен тарқатылады. Заң жүзінде жайылымдарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады. Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей, үш деңгейлі жайылым жерлерді пайдалану қарастырылған. Біріншісі – ауыл аумағы шегінде орналасқан жерлерді пайдалану. Олардың жалпы көлемі шамамен еліміз бойынша 23 млн. гектарды құрайды. Бұл жер ауыл тұрғындарына сауылатын мал басын ұстау бойынша мұқтажын қанағаттандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен, бұл жайылымда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормалары сақталуы қажет, яғни жайылымда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі нормативтен аспауы керек. Егер нормадан асса, мал екінші деңгейдегі жайылымға немесе ауылдық округтің жеріне шығарылады. Ал қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі мал басының 80 пайызы жайылып жүр. Бұл жағдай ауыл маңайындағы жайылымдардың тозуына себепші болып отыр. Оның себебі, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздікті шешу үшін, ауыл маңайындағы жерлер ұсақ малдардан қой-ешкілерден, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға қалдырылады. Ал егер ауыл маңайындағы жайылым сауын малдың жайылуына жетпесе, онда Жер кодексінің 84-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажын қанағаттандыру мақсатында, жетпейтін жердің бөлігі толықтырылады. Екіншісі – ауылдық округтер шегіндегі жерлерді пайдалану. Олардың көлемі шамамен 60 млн. гектарға жуық. Оларға ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған серіктестіктер, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтық кәсіпорындардың жерлері жатады. Бұлардың көбінде малы жоқ, бірақ малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей, өз жеріне жібермейді, өйткені, жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшылықты да шешуге мүмкіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер жер заңнамасында көзделген тәртіппен реттеліп жайылым жері жоқ, бірақ мал басы бар ауыл тұрғындарына беріледі. Үшіншісі – шалғайдағы жайылым. Олар толығымен мемлекет меншігінде. Олардың жалпы ауданы 100 млн. гектардан асады. Бұларға малды айдап апарып, шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда, мал айдауға қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жергілікті ауыл округі және аудан әкімдігі өзін-өзі басқару органымен бірлесіп, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес “Жайылым пайдаланушылар” бірлестігі деген ұйым құрады. Мәселен, бір ауылдағы бір отбасының 50 қойы мен енді бірінің 100 қойын, үшінші үйдің 70 қойын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа малдың түрлері де осылайша біріктіріліп, зооветеринарлық талаптарға сәйкестендіріліп жасалады. Осылайша, олар шалғайдағы жайылымға шығарылады. Бұл ауылды жерлерде кооперативті ұйымдарды және шағын орта бизнесті жандандыруға жол ашады.
Жергілікті басшылар неге құлықсыз?
Депутаттар заңды қабылдап қоймай, оның орындалуын қатаң қадағалап отыр. Мәселен, 2017 жылғы 20 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында “Жайылымдар туралы” заңның ережелерін орындау жөніндегі шараларды қабылдау қажеттігі туралы депутаттық сауал жарияланды. Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде заң нормаларын түсіндіру бойынша облыстардың атқарушы органдарының өкілдерімен кездесу өткізілді. “Нұр Отан” партиясының алаңында “Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” атты партияның сайлауалды бағдарламасының “Аграрлық сектор” комиссиясының отырысында облыс әкімдері орынбасарларының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармалары бастықтарының, әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының қатысуымен селекторлық отырыс өткізілді. Дегенмен, заңды орындау бойынша уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың (ауыл, аудан әкімдігі) тарапынан заң нормаларын орындау формалды сипатқа айналды. Ауыл тұрғындары жергілікті өзін-өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңдағы құқықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейді. Оның себебі, бүгінге дейін заң нормаларын іске асыру бойынша тиісті әдістемелік, консультативтік іс-шаралар өткізілмеген. Бұл уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың құлықсыздығынан орын алып отыр. Өкінішке қарай, “Жайылымдар туралы” заң қолданысқа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де, ауылдықтар арасында жайылым жетпегендіктен көптеген түсінбеушілік туындап отыр. Сондықтан құзыретті органдар заңда бекітілген міндеттерін дер кезінде орындап, ауыл тұрғындары алдында жауапкершілігін арттырса дейміз.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, “Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі.