Қазіргі уақытта елімізде сатып алу-сату, рента, сатып алу құқығымен жалға беру сияқты меншік құқығын иелену түрлері үйреншікті жайға айналды. Ал мүлікті сенімгерлік басқару келісімшарты туралы көпшілік біле бермейді.
Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру үрдісі 2015 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің №17 бұйрығымен бекітілген. 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңына сәйкес бұл ережелер мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру, тендерлерді өткізу және келісімшарт жасау барысын реттейді.
Бүгінгі таңда мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік кешені, бағалы қағаздар, жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, жылжымайтын мүлік, мемлекетке тиесілі ақша, сондай-ақ өзге мемлекеттік мүлік сенiмгерлiк басқарудың нысаны болып табылады. Келісімшартқа сәйкес бiр тарап мүлiктi екiншi тарапқа сенiмгерлiкпен басқаруға бередi. Құжатта сенiмгерлiкпен басқаруға берілетін мүлік, оның құрамы, есеп беру мерзiмдерi, келісімшарт тоқтатылған жағдайда сенiп тапсырылған мүліктi алатын адам көрсетіледі.
Нысанды кейін сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді құрылтайшы қабылдайды. Құрылтайшы ол туралы мәліметті сенімгерлік басқару шарттары бойынша шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде электронды деректер базасына енгізуі керек.
Нысанды кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үрдісі тендерлік негізде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, жаңадан салынған газ құбырлары, электр және жылу энергиясымен жабдықтау нысандары, стратегиялық нысандар және меншігінде стратегиялық нысандары бар заңды тұлғалардағы акциялар пакеттері, халықаралық келісімдерді жүзеге асыру үшін құрылған акционерлік қоғамдардың акциялары, мемлекеттік ақпараттық жүйелері, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің балансында бекітілген нысандар, автокөлік жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор акцияларының мемлекеттiк пакетi және тағы басқалар сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілетін мүліктердің тізіміне кіреді.
Бүгінгі күні біздің департамент облыс аумағында экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық нысандарды жекешелендіру, мемлекеттік мониторинг жүргізу, республикалық меншікке түскен мүлікті есепке алу, сақтау және сату, мүлікті жалға, сондай-ақ, сенімгерлік басқаруға беру сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Былтырғы жылы біздің департамент мамандары жалпы аумағы 634,4 шаршы метрді құрайтын мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру бойынша келісімшарт жасады.
Қайрат ОМАРОВ, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бас маманы.