Облыс орталығындағы №3 қалалық ауруханада тізе буынын эндопротездеудің жаңа тәсілі қолданылуда. Былтыр осы тәсілмен өңірімізде 80-ге жуық ота жасалған. Алайда, тізе буынын ауыстыруға кезекке тұрған науқастар әлі де көп.
Оқыстан ауыр жарақаттанған, сүйегі сынған немесе кәрілікке байланысты аяғын бүгіп-жаза алмайтын науқастарға ота тегін жасалады. Мәскеу қаласынан келген білікті дәрігер қызылжарлық әріптестері үшін шеберлік сыныбын өткізді. Маманның айтуынша, эндопротездеу – адамның тозған шеміршегіне немесе зақымданған буындары мен сынған сүйектеріне жасалатын ота. Шеміршектің орнына полиэтилен жапсырма немесе темір салынады.
№3 қалалық аурухананың бас дәрігері Ержан Әбуғалиев біздің өңірде 500-ге жуық адамның тізесіне ота жасау қажет екенін жеткізді. Жыл басынан бері аталмыш емдеу мекемесінде отыз науқасқа ота жасалған. Осы арада тізе буынын эндопротездеуге мемлекет қазынасынан орташа есеппен 900 мың теңге жұмсалатынын айта кету жөн.
Жансая ҚАЙЫПОВА.