
Петропавл қаласының жасы жетпіс жастан асқан тұрғыны пәтеріне келіп, сүзгі орнатуды табандылықпен ұсынған ер адамның әрекеті күдікті болып көрінгендіктен бірден полицияға хабарласқан. Оның үстіне, басқа да бірқатар тұрғындар сүзгі ұсынушылар өздерін «Қызылжар су» ЖШС-нің жұмысшыларымыз деп таныстырғанын полицияға жеткізген болатын. Ал бұл кәсіпорын ешқандай сүзгі құрылғысын орнатумен айналыспайды екен.
Криминалдық полиция бөліміне жеткізілген жас жігіттер Қостанай қаласында тіркелген жеке кәсіпкерде жұмыс істейтіндіктерін айтып ақталды. Олардың қолдарында кассалық аппараттардың, түбіртек пен чектің болмауы тәртіп сақшыларын күмәндандырды. Алайда, әрқайсысының фотосуреттері бар және «Новая вода» жеке кәсіпкерлігінің мөрі басылған куәліктері болған.
Жеке кәсіпкердің салық органдарындағы тіркелуін және оның әрекеттерінің заңдылығын тексеру үшін материалдар облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жолданды.