
Әлем сахналарында ел намысын абыроймен қорғап жүрген мақтанышымыз, бірнеше республикалық және халықаралық сайыстардың лауреаты Руслан Мұстафин – Петропавлдағы өнер колледжінің түлегі. Дарынды жас бүгіндері Нұр-Сұлтан қаласындағы “Шабыт” ұлттық өнер университетінде опера әншісі мамандығы бойынша білімін жалғастыруда.
Жас та болса, талай асуды бағындырып үлгерген Руслан 2018 жылдың аяғында Чехияда өткен халықаралық “Арт Дуо” байқауында бірінші орынға ие болды. Өнер иесімен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Руслан, өнерсүйер қауымды бұл жолға қалай келгеніңіз қызықтырады. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– Мен жастайымнан құрдастарым сияқты спортты сүйдім. Отбасымда өнер саласына бет бұрған адам болмағаннан кейін бұл жолға қадам басу ойымда да болған емес. Алайда, нағашы атамнан дарыған өнер мені әншілікке жетеледі. Орта мектепті тамамдағаннан кейін дарынымды шыңдау қажеттігін түсіндім. Сөйтіп, Петропавл қаласындағы өнер коллеждіне оқуға түстім. Содан бері өнерден қол үзген емеспін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл жолды таңдағаныма өкінбеймін. Колледжде талай жасқа бағыт-бағдар беріп, жол сілтеген директорымыз Роза Кәшеноваға, маған вокалдан сабақ берген алғашқы ұстазым Мұрат Ыбыраевқа деген алғысым шексіз.
– Ең алғаш үлкен сахнаға шығып, жеңіске жеткен өнер додасы есіңізде ме?
– Әрине, 1-курста оқып жүргенде Ресейдің Челябі қаласында жас орындаушылар арасында өткен І халықаралық “Орфей” сайысына қатыстым. Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан елдерінен жиналған небір талантты жастардың арасында өнер көрсеттім. Сол жолы лауреат атанғанда төбем көкке жеткендей қуандым. Одан кейін Грузияның Тбилиси қаласында ұйымдастырылған Важа Чачаваның ІІ халықаралық сайысында үздік орындаушы атандым. Оған да Ресей, Әзірбайжан, Армения сынды бірнеше мемлекеттің дарынды өнерпаздары қатысты. Ал жақында Чехия елінде өткен “Арт Дуо” конкурсында еліміздің намысын абыроймен қорғап, бас жүлдені иелендім.
– Үлкен сахнада өнер көрсетудің қиындығы аз емес шығар. Сондай сәттерде қобалжу мен уайымыңызды қалай жеңесіз?
– Халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүргендіктен, қобалжу болатыны рас. Кез келген өнерпаздың басты мақсаты – тыңдарманның көңілінен шығу, жүректен шыққан әнді жан-тәнімен орындау. Опера өнерінің дүлдүлі Ермек Серкебаев бір сөзінде: “Әнді жан дүниеңмен беріліп орындағанда ғана тыңдарманның жүрегіне жеткізе аласың”, – деген екен. Байқау алдында осы сөздерді есіме аламын. Содан болар, әнімді айта бастағанда қобалжуым тарқап, сахнада өзімді еркін сезінемін.
– “Шабыт” университетінде білім алу бар өмірін өнермен байланыстырып, алдағы уақытта талай биіктерді бағындырамын деген әрбір жас дарынның арманы десек, қателеспейміз. Бұл оқу орнына түскісі келетін өрендерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Мектеп, колледж қабырғасында білім алып жүрген өнерлі өрендер республикалық, халықаралық конкурстарда бағын сынаудан қорықпау керек. Әр адам бойындағы өнерін шыңдаудан талмаса ғана көздеген арман-мақсатына жете алады.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Университетті ойдағыдай аяқтап, диплом алуды мақсат тұтамын. Өнер адамын байқаулар мен додалар шыңдайды емес пе?! Қазір бірқатар сайыстарға дайындалып жүрмін. Маусым айында Чехияның астанасы – Прага қаласында өтетін байқауға қатысуды жоспарлаудамын.
Әңгімелескен Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”.