«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР ҚАРТ БАСЫЛЫМ”

2020 жылдың 22 ақпаны күні облыстық “Soltustik Qazaqstan” газеті өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл айтулы дата – бар саналы ғұмырын баспасөзге арнаған және сол соқпақты абыроймен жалғап келе жатқан тілшілер қауымы ғана емес, байырғы басылымның жанашырлары,қалың оқырманы үшін де мерейлі қуаныш.

Алғаш 1920 жылдың ақпанында “Кедей сөзі”, кейіннен “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” деген атаулармен шығып, туған еліміз бен халқымыздың тарих-тағдырымен сабақтас жарық көріп келе жатқан газеттің елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжардағы рухани орда, қазақ тілі мен мәлениетінің жоқтаушысы екені көпке мәлім. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Сәбит Мұқанов сынды ардақты тұлғалар көшін сүйреген “Soltustik Qazaqstan” газеті бүгінде өмір ағымына ілесіп, уақыттың жүгін көтеріп, заман тынысын, дәуір болмысын шынайы суреттеп, ел-жұртының мақсат-мүддесіне қызмет етіп келеді. Осынау мерейлі датаға орай редакция ұжымы газеттің ғасырлық тойына арналған “Ғасырлық тарихы бар қарт басылым” атты облыстық ақындар мүшәйрасын жариялайды.
Мүшәйра өлең өлкесінде жүрген жастардың, біздің сүйікті оқырмандарымыздың жаңа мүмкіндіктерін ашып, туындыларының жырсүйер қауымға жол табуына септеседі деген ойдамыз.


Мүшәйраның мақсаты мен міндеттері:


– облыстық “Soltustik Qazaqstan” газетінің тарихын, онда әр жылдары қызмет атқарған қаламгерлердің есімдерін, шығармашылық мұраларын есте қалдыру;
– әдеби үрдісте дарынды жас ақындардың жарқырап көрінуіне жол ашу.
Мүшәйраға қатысу шарттары:
– мүшәйраға әр автордан екі өлең қабылданады. Бірінші өлең – байырғы басылымның тарихы, газетте іздері сайрап жатқан тұлғалар туралы, екінші өлең еркін тақырыпта;
– жыр сайысына 16 жастан 35 жасқа дейінгі ақындар қатыса алады;
– ұсынылатын шығармалардың жалпы көлемі 3 беттен аспауы керек.


Сайысқа түсетін шығармаларға қойылатын талаптар:


– шығармалар 2020 жылдың 1 ақпанына дейін қабылданады;
– шығармалар тек электронды түрде ғана қабылданады;
– шығарма мәтінінің электронды нұсқасы (міндетті) мына мекенжайға жіберілуі тиіс: kyzylzhar_akparat@mail.ru;
– сайысқа қатысатын шығарма бұрын еш жерде жарияланбаған болуы тиіс;
– барлық шығармаларда жазылған мерзімі көрсетілуі тиіс.
Қосымша талаптар:
– қатысушының аты-жөні;
– тұрғылықты және электронды мекенжайлары, телефон нөмірі, өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қысқаша ақпарат;
– жазылу қарпі: Times New Roman, 12 pt;
– шығарма мәтіні тек бір рет қана қабылданады, қабылданған шығарма мәтінін қайта түзетуге рұқсат етілмейді;
– шығармалардың барлық авторлық құқығы сақталады.
Жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі облыстық “Soltustik Qazaqstan” газетінің редакциясында жергілікті әдебиетсүйер қауым өкілдерінің қатысуымен өтеді. Марапаттау рәсімі туралы толық ақпарат қатысушылардың жеке поштасына жіберіледі.

 

Ұйымдастыру алқасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp