Соңғы жылдары елімізде бизнес нысандарын электр желілеріне қосу шарттарын жақсартуға бағытталған реформалар сәтті жүргізілуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған бұл қолдаулардың нәтижесінде бизнесті жүргізу оңтайландырылған.
Дүниежүзілік даму банкінің әлемнің 190 еліндегі сарапшылар тобы жыл сайын жүргізетін “Doing Business” рейтингінің нәтижесінде Қазақстан алғашқы отыздыққа кіріп, 28-ші орынға көтерілген болатын. Көрсеткіштерін 8 тармақ бойынша жақсартқан еліміз Испания, Франция, Польша, Португалия, Швейцария, Жапония және Түркия сияқты елдердің алдына шықты.
Бүгіндері кәсіпкерлік ортаға қолбайлау болған мәселелерді шешу бойынша жұмыстар өз жалғасын табуда. Қолданыстағы заңнамаға электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған өзгертулердің нәтижесінде бұл жұмыс біршама қолжетімді. Атап айтқанда, “Табиғи монополиялар туралы” Заңның 11-тармағына сәйкес кәсіпкерлердің электр желілеріне қосылуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды беру бойынша өтініштің қаралу мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Ал Заңның 10-тармағының 6-тармақшасына сәйкес энергия ұсынушы, жабдықтаушы ұйыммен жобалық шешімдерді келістіруге және электр энергиясын жеткізуге келісімшарт жасасуды талап етуге тыйым салынды. Сәйкесінше, электр желілеріне қосылу мерзімі әлдеқайда қысқартылды.
“Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы” және “Жол жүрісі туралы” Заңдарға өзгерістер енгізілгенін атап айтқан жөн. Ендігі кезекте мердігер компанияға асфальтталған жол бөлігінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу қажет емес. Жобалаушы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасына жөндеу жұмыстарының басталғаны туралы электронды түрде хабарлама жіберсе жеткілікті.
Қазіргі уақытта “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері және бизнес-орталығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңының жобасы қарастырылуда. Онда ашық ұсыныс қағидаты бойынша жасалған электрмен жабдықтау келісімшартына тұтынушының қол қоюы қажет еместігі айтылған. Энергия беруші ұйымдар келісімшарт жасау құжаттарын өздері жібереді. Ал электр энергиясын іс жүзінде пайдалану басталған сәттен бастап келісімшарт заңды күшіне енеді. Сонымен қатар энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық органынан электр желісіне қосылу бойынша рұқсат алудың қажетті жоқ.
Ерікбай НАРМҰРАТОВ, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы.