
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында ұшқан құстың қанаты талған, жүгірген аңның тұяғы тозған ұлан-байтақ жеріміздің тарихымен таныстырып, рухани байлығымызды сақтауға арналған алты жобаны ұсынған болатын.
Мақаланы ден қойып оқып шыққан әрбір адам көкейде жүрген көп сауалға жауап алғаны рас. Олай дейтінім, әлем қарышты дамыған кезеңде өз болмыс-бітімімізді сақтап қалу күн тәртібіндегі басты міндетке айналды. Дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін өзіміздің кім екенімізді, өткен тарихымыз бен ұлттық мәдениетімізді түгендеп алғанымыз жөн. Әрі бұл жай мақала емес, ата-бабамыздың өткен жолын терең түсініп, жаңғыртуға арналған бағдарламалық құжат іспетті. Онда “Ұлы дала тұлғалары” серияларын шығару мәселесі сөз болған. Оқиғалар мен тұлғаларды уақыт тізбегі бойынша бір жүйеге келтіру тарихымыздың нағыз жетіспей тұрған тұсы екендігін тарихшы ретінде мен де құптаймын.
Қазақстанның жаһандану үрдістеріне енуі барысында Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, “Аң стилі” сияқты мәдени архетиптер ұлттық өнердің өзіндік қолтаңбасын сақтап, оны жаңа заман талаптарына үйлесімді өрістетуге мүмкіндік береді. Аң стилі ұлттық руханиятымыз бен мәдениетімізді қалыптастыруда да маңызды орын алады. Елтаңбамызда пырақтың бейнеленуі – соның бір дәлелі.
Елбасы қазақ халқы, жылқыны қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетінің негізін қалағандығын, соның нәтижесінде көшпенді елдердің өзіндік мемлекетінің болғандығын, ұлы технологиялық революцияның бастапқы отаны Ұлы дала екендігін баяндап берді. Оны халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным түсінігінен аңғаруға болатындай. “Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше”, “Жігіттің құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы”, “Ат төбеліндей билік”, “Атқамінер” сынды мақал-мәтелдер мен сөз тіркестері ұлтымыздың бұл жануар түріне қаншалықты жақын екендігін ұғындырады. Сонымен қатар мақалада көшпенділердің атқа міну мәдениеті арқылы қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері, яғни ықшам киім мен жұмсақ саптама етік, қарулардан садақ, жебе және қылыш қисынды түрде мысалға келтірілген. Автор мұндай заттардың Ұлы даладағы ежелгі металлургияның дамуы арқылы қол жеткізгендігін жазған. Осы тұста айта кетер жайт, қасиетті Құран және өзге діни кітаптарда “ат қанатты періште” жайлы деректер бар. Бұл мәліметтерді де ой елегінен өткізіп, саралайтын болсақ, қазақ ұлты пір тұтатын жануардың о бастан киелі екендігіне көз жеткіземіз.
Ежелгі түркілердің “Аң стилі” өнердің әлемді бейнелеудегі екі тәсілін, яғни шындыққа негізделген және шартты түрлерін қатар дамытты. Бізге жеткен ежелгі сақтардың көркем бейнелерінде екеуі де кездеседі. Алғашқы суретшілер шынайы өмірді тамаша бейнелеген, олар жануарлар анатомиясын жақсы біліп, қозғалыстарын анық көрсете алды. Ою-өрнек тәрізді шартты бейнелерде жануардың даралығына мүмкіндігінше көбірек көңіл бөлінді, табиғатпен ұқсастығын көрсетуге талаптанды, бұл абстрактілі ойлау қабілетін жетілдіруге себепші болды.
Еліміздің тәуелсіздігінің нығаюына теңдессіз үлес қосқан Тұңғыш Президентіміз қазақстандықтар үшін жалпыұлттық тарихи сананы жаңғырту қажеттілігі ең бірінші орында тұруы тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Өйткені, Қазақстанның тарихы елімізде ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан көптеген этностар үшін де ортақ. Жеріміздің әр пұшпағын қадірлеу, әр тасы мен тауын сүю, олардың тарихына терең үңілу әр азаматтың борышы болуы тиіс. Рухы мықты ел ғана өзінің мемлекеттілігін, егемендігін сақтап қалатынын естен шығармауымыз керек.
Елдің өркендеп қанат жаюы жолындағы басты жауапкершілік жастарға тиесілі. Осы мақсатта тарихшылар қауымы да қол қусырып отырған жоқ. Жастар міндетті түрде ата-бабаларының ерлігін, ел тарихын білуі керек деген мақсатпен оқудан тыс тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамыз. Солардың бірінде студенттер үш топқа бөліну арқылы “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы келелі мәселелерді талқылады. Олар өзіндік ерекшеліктері мен еліміздің мәдени және рухани дамуы үшін жеті тарихи жайтқа сүйенген алты ірі жоба жөнінде өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, олар ақпараттық, инновациялық технологияларды және виртуалды қосымшаларға негізделген әртүрлі бағдарламалар мен бірқатар әдістерді қолдану арқылы мақаланы талқылады.
Алдағы уақытта да осындай ашық сабақ шеңберінде талқылауды жалғастырып, тәжірибеде іске асыру қажет деп санаймыз. Жақында студенттер облыстық мемлекеттік мұрағатқа барып, “Архив – 2025” жобасының жүзеге асырылу барысы туралы біліп қайтты. Мақалада Ұлы даланың ұлы есімдерін қайта жаңғырту қажеттігі де айтылған болатын. Осыған орай, студенттер арасында қазақ өркениеті мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан, тарих беттерінде есімдері алтын әріптермен жазылған әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Абылай хан секілді ғұламаларымызды кеңірек таныту мақсатында куратор сағатын ұйымдастырдық.
Мақалада айтылған жобалар бір күнде жүзеге асырылатын жұмыс емес. Ол үшін уақыт пен талап керек. Сондықтан да әрбір мекемеде жастарды елжандылыққа, тарихын құрметтеуге баулитын игі шаралар үзбей жүргізілуі тиіс.
Әсел БЕКМУРЗИНА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің “Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер” кафедрасының аға оқытушысы.