
Үстіміздегі жылдың көктемі еліміздің саяси өмірінде айтулы оқиғаларға толы болды деп айта аламыз. Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасының өз еркімен президенттіктен бас тартқанына куә болдық. Енді саяси сахнамызда тағы бір елеулі оқиға орын алмақ. Еліміздің Ата Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болып отыр. Бұл уақтылы жасалған ұтымды шешім болды десек қателеспейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуін сейсенбі күні теледидардан тыңдадым. Расында да, еліміздің келешегі, әр отбасы мен әрбір азаматының тағдыры халықтың шешіміне байланысты болмақ. Бүгінгі Қазақстан әлемдік саяси аренада өзінің лайықты орнын алды. Бізді беделді мемлекет ретінде барша әлем мойындады. Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының нәтижесінде осы қол жеткізген табыстарымыздың дәйекті болуы, алдағы уақытта одан да биіктерге қол жеткізуіміз үшін халқымыздың ауызбірлігі, ортақ мақсатқа ұмтылуы маңызды деп санаймын.
Мен көп жылдар бойы сайлаушыларымның сенімін арқалап халық қалаулысы, екі шақырылымдағы Мамлют аудандық мәслихатының хатшысы болдым. Содан кейін Петропавл қаласына қоныс аударған соң облыстық ардагерлер кеңесінде қызмет еттім. Тәуелсіздік жылдары болған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына қатысып, ойдағыдай өтуіне өз үлесімді қостым.
Биылғы 9 маусым күні болатын Президент сайлауының таза, ашық әрі әділ өтетініне сенімдімін. Сонымен қатар бұл саяси науқанның елдегі әлеуметтік, саяси, рухани салаларды тиімді дамытуға әсер ететіні сөзсіз. Тез өзгеріп, мың құбылып тұрған заманда ішкі және сыртқы саясатты ұстап тұру үшін елді алға жетелейтін басшы қажет екені анық. Одан соң әлемдегі озық 30 елдің қатарына ену міндетін орындауымыз тиіс деген ойдамын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің үндеуінде “кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам” деген тұжырымы орынды екеніне ешқандай шүбә келмеуі тиіс. Өйткені, Елбасы мемлекет басына жаңа буын келіп, жаңашыл идея мен тың реформаның көрініс табуынан зор үміт күтіп отыр. Ал 9 маусымнан кейін билік басына келетін тұлға өзіне артылған үлкен жауапкершілікті арқалап, бұған дейінгі жүзеге асырылған саясатымызды ел-жұртпен бірге жарқын болашаққа бастайтынына сенімім зор.
Аманжол НҰРТАЕВ, еңбек ардагері.