
Біз мемлекетіміз үшін маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айының 9-да елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні жайлы мәлімдеді.
Бұл бір күнде қабылданған шешім емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, Парламенттің қос палатасының спикерлерімен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Конституциялық Кеңеске жүгінгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттікке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттілігін тоқтатқаннан кейін конституциялық заңға сәйкес тағайындалған болатын. Мемлекет басшысының негізгі міндеті қазақстандықтардың тұрмысын жақсарту, қолдау көрсету болғандықтан, бұл лауазымға халықтың сенімінен шығатын азамат сайлануы керек. Президент ішкі саясатты жүргізіп қана қоймай, басқа да шетелдермен байланыс орнатып, іссапарларға барып, мемлекетіміздің сыртқы саясатына қатысты маңызды шешімдер қабылдай білуге тиіс. Сондықтан азаматтар дауыс берерде жан-жақты ойланып, ел мүддесін ескере отырып әрекет етсе екен деймін.
Ендігі уақытта саяси партиялар Президенттікке үміткер азаматтарды ұсына бастайды. Сайлау рәсімдері тәртіпке сәйкес және әділ түрде өтетініне сенімдіміз. Біз, қазақстандықтар сайлауға қатысып, бүкіл әлемге өзіміздің халықаралық стандарттарға сәйкес демократиялық мемлекет екенімізді көрсетуіміз керек. Сол себептен де осы бағытта ұйымшылдық таныту – біздің міндетіміз.
Юрий БЕЛОНОГ, облыстық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты.