Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің жанында арнайы мониторингтік топ қызмет етеді. Топ құрамында үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, кәсіподақ, шағын және орта бизнес, кәсіпкерлер палатасы, «Нұр Отан» партиясы және БАҚ өкілдері бар. Осындай топтар барлық аудандарда құрылған.
— Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік секторлардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізу демократияның негізгі элементі болып табылады. Қоғамдық бақылау – азаматтардың мемлекеттік органдар тарапынан өз қызметін тиісінше орындап, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауын қадағалау болып табылады, — деді қоғамдық бақылау картасының іске асырылуы мәселесіне арналған брифингте департаменттің басқарма басшысы Серік Айдарбеков.
Қоғамдық бақылау әлеуметтік желілер мен телефон байланысын пайдалану, «Qamqor» қосымшасы және арнайы мониторингтік топтар арқылы жүргізіледі.
Үстіміздегі жылдың үш айында қоғамдық бақылау картасына облыс тұрғындарынан 74 өтініш түскен, оның басым бөлігі бойынша оң шешім қабылданды. Мәселен, Тимирязев ауданындағы Белоградовка ауылының тұрғындары қыс айларында ауызсу тапшылығына, коммуналдық қызмет үшін төлемақыға түбіртек қағаздың бермейтініне шағымданған болатын. Бүгіндері су құбыры желісін жөндеуге жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, төлемдер түбіртек қағаздар бойынша жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс орталығы мен елді мекендер тұрғындарының қыс айларында жолды қардан тазалауға қатысты арыз-шағымдары бірден шешімін тауып отырған.