Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында “Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін арттыру” тақырыбында өңірдегі саясаткер әйелдер клубының отырысы өтті. Оған мемлекеттік қызмет және басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандар қатысты.
– Қазіргі уақытта гендерлік теңдік еліміздің ішкі саясат саласындағы басымдықтарының бірі болып табылады. Бүгіндері әйелдер қол қусырып отырған жоқ. Елімізде әйелдер сан салада еңбек етуде. Бұл орайда саясаткер әйелдер клубының мақсаты – әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін арттыру болып табылады. Атқарылған жұмыс біршама. Мемлекеттік билік органдарындағы әйелдердің үлесі артып келеді, – дейді клубтың төрайымы Зәуре Қартова.
Осы жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова, “Urpag” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева, “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласбаева, облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина, іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева, басқа да қатысушылар мемлекетіміздегі гендерлік саясат, өңіріміздегі нәзік жандардың қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі және кезектен тыс президенттік сайлаудың маңызы жайлы сөз қозғады.