«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒЫЛЫМ — ТЕҢІЗ

Ғылым қызметкерлерінің күніне орай Оқушылар сарайында “Білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыру: тәжірибе және перспектива” тақырыбында “дөңгелек үстел” отырысы өтті. Білім алушылардың ғылыми әлеуетін дамыту контекстінде мұғалімдердің педагогикалық дағдыларын жетілдіру мақсатын көздейтін шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің оқытушылары, педагогтар мен инновациялық мектептердің оқушылары қатысты.

Татьяна Протопопова төртінші революциялық даму кезеңінде ғылымның рөлі зор екеніне тоқталды. “Заманауи оқушы қажетті білімді алумен ғана шектелмей, оны күнделікті өмірде тәжірибе жүзінде пайдалана білуі керек. Білім алушыларды ғылымға баулу мектепте басталады. Яғни, мектептегі материалдық жабдықтау, осы саладағы педагогтардың қажеттілігі, аталмыш бағытта жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен қарым-қатынас орнату жоғары нәтижеге жетуге септеседі”, – деді ол.
Бүгінде облыс орталығындағы Оқушылар сарайында ғылым және ІТ-бағытында 16 зертхана жұмыс істейді. Оған 700-ден аса бала қатысады. “Дөңгелек үстел” отырысына қатысушылар оқушылардың ғылыми әлеуетін арттыру бағытында өз білім ордасындағы тәжірибемен бөлісіп, пікірлерін білдірді.
Дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” интернат-лицейінде оқушыларды ғылымға баулу жұмыстары бастауыш сыныптардан қолға алына бастайды. Білім ордасы директорының орынбасары Айгүл Ромбаеваның айтуынша, 1-3-сынып оқушылары үшін тапсырмаларды дұрыс шешу бойынша үйірме жұмыстарына 102 сағат бөлінген. Сондай-ақ, “Зияткерлік жаттықтырушы” үйірмесі, әр баланың қызығушылық алаңын айқындау үшін бастауыш сынып оқушылары арасында олимпиада, “Зерде” ғылыми жобалар байқауы өткізіледі. Биыл білім ордасынан байқауға алты жоба қатысып, барлығы жоғары нәтиже көрсетті. Бір оқушы байқаудың республикалық кезеңінде өңіріміздің намысын қорғап, бірінші орынды иеленді. Айгүл Қуанышқызы бұл жұмыстардың орта және жоғары буында да жалғасатынын айтты.
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың мұғалімі Гүлбағыш Кемеңгерованың ойынша, бүгінгі күні ұстаздың басты міндеті – оқушыларды бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру. “Біздің мектебімізде оқушылардың ғылыми дүниетанымын дамыту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Жақында оқушымыз Кәмила Құрмаш Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұйымдастырған олимпиадада бірінші орын иеленіп, грант ұтып алды”, – деді ол.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp