
“Кітап – білім бұлағы” деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Адам баласын дұрыс жолға бағыттайтын игі құндылықтар осы кітапта жатыр емес пе? Осы орайда кітапхана мамандарына артылып отырған жауапкершілік орасан. Өзім қызмет атқаратын Преснов ауылдық кітапханасы дәуірдің көшінен қалмай, жетілу үстінде. Біз жұмысымызды жоғары сапаға көтеріп, ауыл тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылықтарының артуына көңіл бөлеміз.
Кітапханамыздың қазығы жиырмасыншы ғасырдың басында сауатсыздықпен күресу мақсатында қағылған. Өкінішке қарай, бұл мәдени нысаннан ешқандай құжат қалған жоқ. Кітапхана тарихы тек 1947 жылдан қағаз бетіне түсіріліп, сол уақыттан бергі ақпарат құжат түрінде мұрағатымызда сақтаулы тұр. Өткен 72 жыл ішінде бірқатар ауыл азаматтары кітапханамыздың жұмысын жаңғыртуға айтарлықтай үлес қосты. Олар, әсіресе, ауыл азаматтарының, жас буын өкілдерінің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында тынымсыз еңбек етті. Кітапханаға механизаторлар мен малшылар, мұғалімдер мен бухгалтерлер шақырылып, бала тәрбиесі мен психология, ауыл өмірін көркейту тақырыбында дискуссия өткізілді.
Бүгінде кітапханамыз мектеп қабырғасында орналасқан. Тәжірибелі мамандар тұрғындарды, жас оқырмандарды кітапқа баулу мақсатында түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Кітапханамыздан ауыл тарихы, оның тұрғындары туралы, елді мекеніміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында ақпарат іздеп табуға болады. 1984 жылдан бері өлкетану ісі қолға алынған. Бүгінде кітапхана қорында 8 мыңға жуық туынды бар. Олардың дені қазақ тіліндегі кітаптар. Ал сөрелеріміз жаңа туындылармен толығып жатса, оларды оқырмандарға таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырамыз. Қорымызда әдеби туындылармен бірге қазақ тілінде жарыққа шыққан кітаптар, ғылыми және әдістемелік оқулықтар бар. Өткен жылы 500-ден астам кітап қолымызға тиді.
Ауыл балалары кітапханадағы түрлі қызықты әрі тәлімді шараларға белсенді қатысады. Костюмдерді өзіміз тігіп, дайындаймыз. Осы орайда Мәдениет үйінің меңгерушісі Гүлмира Сәдуақасованың, әдіскер Наталья Яковлеваның және кітапхана қызметкері Бибігүл Қапарованың еңбегін атап өткен жөн.
Балалар мен ересектерді кітап оқуға тарту мақсатында әлеуметтік сауалнама жүргіземіз. Мәселен, біз жуырда “Сізді қандай тақырып қызықтырады?” және “Сүйікті авторыңыздың қандай шығармасын оқығыңыз келеді?” деген тақырыпта оқырмандарды әңгімеге тарттық. Соның нәтижесінде кітапханамызда қызықты кештер өтті. Ауыл тұрғындарына кітаптармен бірге газет-журналдарды да үйге жаздыртып алу мүмкіндігін ұсынып отырмыз.
Өз басым кітапсыз өмірді көз алдыма елестете алмаймын. Детектив жанрында жазылған туынды болса, оны бір түнде оқып шығуым мүмкін. Осыны ауыл тұрғындарының да бойынан көргім келеді. Негізгі қызметіммен қатар “Түймедақ” тоқыма үйірмесіне және “Селянка” әйелдер клубына жетекшілік етіп келемін.
Шығармашылық ізденісте жүріп, ауыл тұрғындары мен балаларды кітап оқуға тарту жолында оның бөлмелерін көз тартатындай етіп жасауға тырыстық. Кітап оқитын баланың білімі мықты, болашағы зор болатыны аян. Осы орайда әр үйге бас сұғып, ата-аналарға баланы кітап оқуға баулу жөнінен ақыл-кеңесімізді береміз. Біздің бұл идеямызды құптаған отбасылардың балалары бүгінде жақсы үлгерімімен көзге түсіп жүр. Кітапхананың осындай пайдасын көрген өзге ауыл тұрғындары да бізге балаларын ертіп келуде. Жуырда Абай Құнанбаевтың қара сөздері бойынша балаларға тапсырма бердік. Әр апта сайын ең көп кітап оқыған отбасын анықтаймыз. Ауыл өмірімен тығыз байланысты экология, мал және өсімдік шаруашылығы тақырыптарында жазылған кітаптарды жиі насихаттаймыз. Жыл сайын кітапхана қабырғасында өтетін байқауда осы кітаптар бойынша сұрақ-жауап сайысын ұйымдастырып, үздік маманды таңдаймыз.
Сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды тәрбие процесіне енгізу, ақын-жазушылар мұрасын насихаттау да күн тәртібінен түскен емес. Дей тұрғанмен, кітапханамызда шешімін таппай отырған мәселелер де аз емес. Ғимаратымыз күрделі жөндеуді қажет етеді. Компьютердің жоқтығы да жұмысымызды жандандыруға қолбайлау болып отыр. Осындай мәселелер шешімін тапса, кітап оқушылар қатары одан сайын арта түседі деген сенімдемін.
Сәуле ЖАҚЫПОВА, Преснов ауылдық кітапханасының қызметкері.
Қызылжар ауданы.