Тайынша аудандық білім бөлімінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Жергілікті мектептерді жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат мақсатсыз жұмсалған. Сондай-ақ, аудандағы “Айгөлек” балабақшасының бас есепшісі осы уақытқа дейін педагогтардың жалақысын ұрлап келген. Сөйтіп, үш жылдың ішінде ол 9 млн. теңге жымқырыпты.
Ел қазынасынан бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын ішкі мемлекеттік аудит департаменті қадағалайды. Олар биылғы жылдың бірінші тоқсанында әкімдіктерде, мектептер мен балабақшаларда тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде облыс бойынша 937 млн. теңгенің жетіспейтіні анықталған. Солардың арасында “Айгөлек” балабақшасында орын алған жағдай жаға ұстатты. Бас есепші үш жыл бойы педагогтардың ақысын жеп келгенімен, жәбірленушілердің біреуі ғана құзырлы органдарға шағымдануды жөн көрген.
– Балабақшаның бас есепшісі қызметкерлердің еңбекақысын жымқырып, заңға қайшы әрекеттер жасаған. Еңбек, Салық, Бюджет кодекстері талаптарының бұзылуына жол берілген. Нақтырақ айтқанда, салықтарды төлемей, тәрбиешілердің атына зейнетақы аударымдарын жасамаған, – деді облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Қапарова.
Қаржыны мақсатсыз пайдалану фактілері Айыртау аудандық білім бөлімінде де орын алған. Саумалкөл мектеп-интернатының шатырына бөлінген ақшаның көзіне су құйылғаны белгілі болды. Бұл іске қатысты материалдарды құқық қорғау органы тексеруде. Үш ай ішінде 26 лауазымды тұлға – тәртіптік, тағы сонша адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар бюджеттен 31 млн. теңгені ұрлап үлгеріпті. Облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментінің мамандары мекемелердің жұмысын қашықтықтан, яғни интернет арқылы қадағалап отырады. Негізінен, мемлекеттік сатып алуға қатысты бұзушылықтар анықталады.
Берік ҚАСЕН.