«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗА БАСҚАНДАРҒА КӨМЕК

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аумақтық пробация қызметі бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы шеңберінде көмек көрсетеді. Бұл түрмеден шыққан адамға қайтадан теріс жолға түспеуге, сондай-ақ, осы азаматтардың заңға бағынуына кедергі келтіретін теріс факторлардың алдын алуға көмектеседі.

Еңбекпен түзеу орындарынан босатылғаннан кейін, бірінші кезекте, өмір сүру жағдайына бейімделу және жұмыс іздеу қажет, сондай-ақ, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар әлеуметтік-құқықтық көмекке мұқтаж болады.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар өмірлік қиын жағдайға кезігуі мүмкін, бұл әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік көмек алуға құқық береді. Сотталғандардың бостандықта отбасы және туыстарымен байланыстарын сақтау және қолдау, әлеуметтік-құқықтық көмекті уақтылы алу маңызды. Мұндай санаттағы адамдар “Пробация туралы” Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 38-VI Заңына сәйкес медициналық қызмет, білім алу, мамандық меңгеру, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, қолданыстағы заңнамада белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер алу жолымен қамтамасыз етіледі.
Әлеуметтік көмек көрсетудің оң мысалдары көп. Нақты айтар болсақ, түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған қырық жастағы Валерий Досов Петропавл қалалық пробация қызметінде есепте тұрған. Былтыр оны есепке қою кезінде Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі оған біржолғы ақшалай жәрдемақы беруді ұйғарды. Әлеуметтік көмекті тағайындау жөніндегі арнайы комиссияның қорытындысына сәйкес оған 24050 теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек тағайындалды. Сондай-ақ, кәсіп ашқысы келетіндер үшін қысқамерзімді оқыту бағдарламасы бар. Соның нәтижесінде 2018 жылдың тамыз айында “Досов В.М.” жеке кәсіпкерлігі құрылды. Содан кейін Валерий Досов мемлекеттік бағдарлама аясында қолына тиген несиесіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алды, он адамды жұмысқа қабылдап, тігін өндірісін ашты. Қазір бұл кәсіпорында Петропавл қалалық пробация қызметінде есепте тұрған алты адам еңбек етеді.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің пробация қызметі 2019 жылдың үш айында түрмеден шыққан 52 адамды жұмысқа орналастырды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 39 сотталушы ем алды, 163 сотталғанға психологиялық қолдау көрсетілді, 3 адамның жеке басын куәландыратын құжаттары қалпына келтірілді, пробациялық есепте тұрған 65 кісіге уақытша тұрғын үй берілді.
Пробациялық қызметтің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жөніндегі шаралар олардың құқық бұзушылықтарды қайталауының, теріс жолға түсуінің алдын алуға көмектеседі.

 

Бөкенбай ЖҮСІПОВ, облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp