
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасының жүзеге асырыла бастағанына екі жыл толды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ата-бабамыздан қалған бай мұраны сақтауға ықпал еткен бұл бағдарламаның бергені мол. Өңір тұрғындары арасында бағдарламалық мақала кең қолдау тауып, оның аясында түрлі жобалар жүзеге асты. Бұл туралы С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Ұлттық рухты желбіреткен Қызылжар өлкесі” атты жиында айтылды.
Жалпыұлттық жоба аясында атқарылған жұмыстарды саралап, мәдениетіміз бен тарихымызға қызығушылықты арттыру, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық ұстаным қалыптастыруға негізделген шара барысында “дөңгелек үстел” басына жиналған қауым өз пікірлерімен бөлісіп, “Тәрбие және білім”, “Рухани қазына”, “Атамекен”, “Ақпарат толқыны” кіші бағдарламалары бойынша баяндамалар жасады.
– Қалың жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленіп, халықтың кең қолдауына ие болған бұл бағдарлама ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған. Оның аясында өңірімізде әлеуметтік қолдау, мәдениет, білім беру салаларында көптеген игі іс-шаралар мен жобалар ұйымдастырылды, – деді өңірлік “Рухани жаңғыру” жобалық кеңсесінің жетекшісі Жанар Таласпаева.
Жиын барысында өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру, мәдениет пен кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған игі істерге жан-жақты тоқталған Ақмарал Ыбыраева, Күлімкөз Смайылова, Ботагөз Ақмағамбетова, Гүлнәр Мұқышева сияқты сала өкілдерінің мазмұнды баяндамалары көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова туған жердің қадірін түсініп, өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген жомарт жандардың қолдауын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елінің қамын ойлаған кәсіпкерлердің арқасында ауылдарда әлеуметтік, тұрмыстық ахуал жақсарған. “Атамекен” кіші бағдарламасын жүзеге асыруға орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар кеңінен атсалысуда. Облыста қазір бір миллиард теңгенің 80 жобасын жүзеге асыру көзделуде. Меценаттар мен кәсіпкерлер аудандарда қырыққа жуық әлеуметтік, мәдени нысанды салу мен қалпына келтіруді жоспарлауда.
Отырыста облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова “Ақпарат толқыны” кіші бағдарламасының жүзеге асырылуына тоқталып, осы бағытта атқарылған жұмыстарды насихаттаудағы өңірдегі БАҚ өкілдерінің үлесін тілге тиек етті.
– Екі жыл ішінде біраз шаруа атқарылды. Жоспарланып отырған жұмыс аз емес. Бүгінде біздің өңірде “Рухани жаңғыру” бағдарламасын ақпараттық қолдау тұрғысында медиа жоспар жүзеге асырылуда. Журналистер қауымының еңбегі зор. Жергілікті, республикалық БАҚ-та көптеген мақалалар жарияланды, – деді Әсем Қалашбайқызы.
Жиын соңында аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға атсалысқан бір топ адам облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.