

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Ромео мен Джульетта” пьесасының тұсаукесері болды. Қойылымның режиссері – мәскеулік Галина Зальцман.
Уильям Шекспирдың “Ромео мен Джульетта” пьесасы — ғашықтық сезімнің қылын шерткен трагедия. Әлем әдебиеті және театр өнерінің классикасы болып саналатын бірегей туындыны өңір тұрғындары жергілікті театр сахнасында тамашалап, махаббат бекетінде тағдырлары тоғыспаған қос мұңлықтың сезіміне куә болды.
– “Жастар жылы” аясында аталмыш қойылымның біздің театрда сахналанғанына қуаныштымыз. Спектакльді дайындау барысында мәскеулік режиссерден үйренеріміз көп болды, – деді Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Елена Покрас.
Ежелден жау екі әулет қос мұңлықтың махаббатына кедергі келтірсе де, сезімнің құлы болған ғашықтар өмірде қол ұстасып өтуді басты мақсат етті. Алайда, жастардың арманы күл-талқан болды.
Ғашықтардың рөлін сомдаған Роман Лахтин мен Елена Вахрина іңкәр сезімнің шынайы көрінісін паш ету үшін көп еңбектенгендерін айтты. Театр актерлері жаңа бағытта жұмыс істейтін ресейлік режиссермен шығармашылық байланыс жалғасын тапса деген ниетте. Жан-жақты ізденіп, классикалық туындыны барынша жаңаша қырынан көрсетуге тырысқан шығармашылық ұжымның еңбегін көрермен жоғары бағалады.