
Бүгіндері облыста қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу мақсатында анықтаушылар мен тергеушілердің 73 жұмыс орны жабдықталған. Жыл басынан бері 428 іс тіркеліп, 409 іс «Е-қылмыстық іс» өндірісімен аяқталған. Қағаз тасымалдағыштардан бас тарту нәтижесінде тергеу уақыты қысқарған. Ең бастысы, қадағалаушы органдар тергеушінің қатысуынсыз тергеудің әрбір сатысын көре алатын болды.
— Жүйе толығымен жұмыс істеген кезде тергеудің барысымен барлық мүдделі тұлғалар, яғни қорғаушылар, жәбірленушілер, күдіктілер таныса алады, — дейді облыстық полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Берік Біләлов. – Барынша ашық болу адамдардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырады. Осы мақсатта патрульдік полиция планшеттермен жабдықталды, бұл әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімінде қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Планшет арқылы толтырылған хаттама мәселені заңсыз жолмен шешуге жол бермейді.
Биылғы бірінші тоқсанда облыс полицейлері әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі арқылы 14777 хаттама толтырды. Тәртіп сақшыларында 89 планшет бар, жақын арада тағы 127-сі сатып алынатын болады. Сонымен қатар, патрульдерді қажетті техникамен толық жабдықтау жоспарланған.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласын электронды форматқа көшіру полиция жұмысының ашықтығын арттырады. Заманауи мүмкіндіктерді пайдаланып жатқан азаматтардың қатары артуда. Мәселен, өткен жылдың үш айында «электрондық үкімет» порталы арқылы тұрғылықты мекенжайына 78 адам тіркелсе, биыл осындай қызметті 984 адам пайдаланды.
Жалпы алғанда жыл басынан бері облыстағы полиция бөліністері 66 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.