
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Әкім жиналғандарға соңғы күндері болған тағайындаулар туралы айтты.
– Осыдан төрт жарым жыл бұрын Мадияр Қожахмет облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған еді.
Ол осы жылдар ішінде өзіне сеніп тапсырылған жұмыстарды жастық жалынмен атқара білді, өңіріміздің әлеуметтік, рухани, мәдени салаларының дамуына өзіндік үлесін қосты, мол тәжірибе жинақтады. Мадияр Қожахмет Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы болып тағайындалды, оған жаңа қызметте табыс тілейміз,– деді өңір басшысы. Мадияр Дүйсенбайұлы облыс әкіміне, барлық қызметтестеріне алғысын білдіріп, қасиетті Қызылжар өңірінде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтағанын, оны өзінің болашағында тиімді пайдаланатынын жеткізді.
Құмар Іргебайұлы содан кейін жиналғандарға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және өзінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Руслан Әлішевті таныстырды.
– Руслан Қанатқанұлы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Екі жоғары білімі бар, мамандығы бойынша тарихшы және заңгер. Еңбек жолын біздің өңірде бастаған. Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінде, облыстық ішкі саясат басқармасында басшы қызметтерін атқарған, облыс әкімінің бас инспекторы, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары болған. Содан кейін Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік қызметтер атқарды, – деді әкім. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев сенім көрсеткені үшін өңір басшысына алғысын білдіріп, үдеден шығу жолында бар білімі мен тәжірибесін пайдаланатынын жеткізді.
Әкімдіктің отырысында облыстың үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы қаралып, өңір басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев баяндама жасады. Биылғы үш айдың қорытындысы көрсеткеніндей, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері оң серпінге ие. Есепті кезең ішінде облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 106,3 пайызды құраған, бұл еліміз бойынша төртінші көрсеткіш. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда құрылыс жұмыстарының көлемі 21,7 пайызға, ауыл шаруашылығы өндірісі – 3,1 пайызға, өнеркәсіптік өндіріс – 3,8 пайызға, бөлшек сауда – 2,4 пайызға, негізгі капиталға инвестициялар тарту – 11 пайызға және тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 0,8 пайызға өскен.
Облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев облыстың үстіміздегі жылдың үш айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жетістіктер мен кемшіліктерді атап көрсетті. Есепті кезеңде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі ұлғайып, 24,4 млрд. теңгеге жеткен. Ет өндірісінде Тимирязев, Қызылжар, сүтте – Аққайың, Тимирязев, ал жұмыртқада Тайынша, Қызылжар аудандары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Жыл басынан бері Айыртау, Қызылжар аудандарында сүт өндіру көлемінің кеміп кетуіне жол берілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту бағытында облысымызда егістік алқаптарын әртараптандыру, машина-трактор паркін жаңарту жүргізілуде, тауарлы-сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары салынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ, экологиялық таза өнімдер өндіру көлемі өспек. Есепті кезеңде құрылыс-монтаж жұмыстары ұлғайғанымен, жөндеу жұмыстарының қарқыны бәсең. Биылғы бірінші тоқсанда жалпы аумағы 22819 шаршы метр 175 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл басынан бері облысымыздың негізгі капиталына 30 млрд. теңге инвестиция тартылса, оның төрттен үш бөлігі кәсіпорындардың өз қаржылары болып табылады. Облысымыздың сыртқы тауар айналымы 568 млн. АҚШ доллары болып, экспорт 24,9 пайызға ұлғайды, ал импорт 18 пайызға төмендеді.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов жиналғандарды жыл басынан бері жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарының орындалу барысымен таныстырды.
Облыстық әкімдіктің отырысын өңір басшысы Құмар Ақсақалов қорытындылады.
– Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалады. Алдағы міндет – осы қарқынды жыл аяғына дейін сақтау. Өңірімізде мал шаруашылығы саласында үш генетика орталығы, бес тауарлы-сүт фермасы ашылады. Соның нәтижесінде биыл 58 мың тонна ет, 570 мың тонна сүт өндіруге қол жеткіземіз, – деген Құмар Іргебайұлы облыс орталығындағы екі өнеркәсіп кәсіпорнының жұмысын сын тезіне алды. “ЗИКСТО” кәсіпорны өндіріс көлемін 15,4 пайызға, ал “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы мұнай-газ ұңғымаларына қызмет көрсететін құрал-жабдықтарды шығаруды 15,2 есе азайтқан. Бұл кәсіпорындар өздерінің техникалық әлеуетін толық пайдалана алмай отыр, оларға көмек көрсету қажет. “С.М.Киров атындағы зауыт” пен “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдары биыл өндіріс көлемінің өсуіне қол жеткізді. Облыс әкімі жыл соңына дейін машина жасау кәсіпорындарының тапсырыстар портфелін 30 млрд. теңгеге жеткізуді тапсырды.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.