
Үстіміздегі жылы облыс орталығындағы төрт апатты тұрғын үй сүріліп, орнына 93 пәтерлік көпқабатты екі тұрғын үй салынады. Петропавл қаласының 2-ші Первомайский көшесінің тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов осындай жағымды жаңалықпен бөлісті.
– Біз былтыр қабырғасы құлаған 3 апаттық үйді сүрген болатынбыз. Қазіргі уақытта Петропавл қаласында тағы 17 апаттық тұрғын үй бар. Келесі жылы 5, ал 2021 жылы қалған 8 үйді бұзуды жоспарлаудамыз. Облыс орталығындағы апаттық үйлердің мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмей келген еді. Үйлерді бұзу – ауқымды және көп шығынды қажет ететін жұмыс. Арнайы мемлекеттік бағдарлама да жоқ. Бірақ, біз бұл қадамға апаттық үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту үшін барып отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.
93 пәтерлік екі коммуналдық-жалгерлік баспаналарға қала әкімдігінде пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар және сүрілген ескі үйлердің тұрғындары қоныстанады.